Спорт

Петропавлда жасөспірімдер арасында муай-тайдан республикалық турнир өтті

Руслан Малдыбаев – муай-тайдан облыс құрамасының жаттықтырушысы.

-Жалпы құраманың жарысқа дайындығы жоғары. 2 ай бойы тыңғылықты оқу-жаттығу жиындарын жүргіздік. Өткен жылы біздің балалар құрамалық есепте топ жарған болатын. Енді сол жеңісімізді қайталаймыз деген сенімдемін.

Жарыстың ережесі бойынша шаршы алаң шеберлері жас ерекшеліктеріне байланысты 4 топта сынға түсуде. Солардың арасында Ерлан Айтқабыл да бар. Жерлес Муай-тайшы өткен жылғы «солтүстік кубогында» өнер көрсетіп күміс жүлдегер атанған. Биылғы жарыста Ерлан қателіктердің орнын толтырып, жеңімпаз атанатындығына сенімді.

Ерлан Айтқабыл – жарысқа қатысушы.

-Мен муай-таймен 2 жылдан бері айналысып жүрмін. Тай боксы маған ұнайды. Бүгін барлығын жығып чемпион атанам.

Көп кешікпей Ерлан мен оның қарсыласы ринг алаңына шықты. Жас спортшылар бір-бірімен соққылар алмасып, алма кезек шабуыл жасасты. Әр бірі 2 минуттан тұратын 3 раундта көк жейдедегі жерлесіміз белсенділік танытып жеңіске жетті. Шаршы алаңда қолғап түйістіріп жатқан келесі жұп – жерлес спортшы Шамиль Ермағанбетов пен Қостанайлық Александр Василенко. Қос спортшы қол және аяқ техникаларын қатар пайдаланатын- тай боксының майталмандары екендігін көрсетуде. Әзірге екеуінің де қимылдары ширақ, жақсы жаттыққандары көрініп тұр. Алайда бірінші раундта Шамиль қарсыласының ұрымтал тұсын тауып, жойқын соққы жасады. Нәтижесінде Александр нокаут алып, жекпе-жекті жалғастыра алмады.

Шамиль Ермағанбетов – жарысқа қатысушы.

-Қарсыласым өте мықты бала. Жақсы дайындалғаны көрініп тұр. Жаттықтырушымның айтқан ақылының арқасында аз уақыттың ішінде жеңіске жеттім. Енді келесі қарсыластарымды күтетін болам.

Үш күнге жалғасқан «Солтүстік кубогының» қорытындысы бойынша Алматы қаласының құрамасы жалпы есепте көш бастады. Жерлестеріміз жеңімпаздар тұғырының екінші сатысына табан тіресе, Астаналық муай-тайшылар үздік үштікті түйіндеді. Барлық жеңімпаздар грамота және медальдармен марапатталды.

 

 

Байболат Култанов.