МТРА жаңалықтары

Елорда күніне орай аудан тұрғындары баспаналы болды

АМАН ТӨРЕГЕЛДИН – УӘЛИХАНОВ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ.

-Уәлиханов ауданының тұрғындары мен барша қазақстандықтарды осынау айтулы күнмен құттықтаймын.

Астана күніне орай және президент сайлауына белсенді қатысқаны үшін бірнеше уәлихановтық тұрғын «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алғысына ие болды. Сондай-ақ, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін тағы бір топ қызметкер облыс әкімі Ерік Сұлтановтың алғыс хаты және Құрмет грамотасымен марапатталды.

ЕРМЕК АХМЕТОВ – УӘЛИХАНОВ АУДАНДЫҚ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ.

-Аудан басшылығына менің еңбегімді бағалап, марапаттап жатқандарына алғыс айтамын.

Елорда күнінің мәні мен маңызын бұл жолы қарапайым тұрғындар да сезінді. Нақтырақ айтсақ, «Мөлдір-СУ» КММ өз қызметкерлеріне пәтер кілттерін табыстады. Бұл аталмыш мекеме тұрғызған екінші баспана.

СЕРГЕЙ ВАСИН – УӘЛИХАНОВ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ.

-Мен «Мөлдір-Су» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде жұмыс істеймін. Кәсіпорын қарамағындағы қызметкерлердің жағдайын ойлап, баспанамен қамтып отыр. Бұл біз үшін үлкен қолдау әрі көмек. Мен осы күнге дейін отбасыммен анамның үйінде тұрып келдім. Өзіңнің жеке баспанаң болмаған өте қиын. Бүгін, міне, көптен күткен пәтер кілтіне ие болдым. Өте қуаныштымын.

Биылғы Астана күні мектеп оқушыларының да естерінде ұзаққа сақталмақ. Себебі, дәл осы күні олардың бір тобы «Жас ұланның» қатарына енді. Бүлдіршіндер көпшілік алдында «аталмыш ұйымның ережесін бұлжытпай орындаймыз», – деп ант берді. Жас патриоттарды құттықтаған аудан әкімі Аман Төрегелдин салтанатты түрде мойындарына көкшіл галстук тақты. Астана күніне орай аудан орталығында «Қазағымның бал қымызы» және ұлттық тағамдар байқауы жарияланған болатын. Жеңімпаздар аудан әкімі Аман Төрегелдиннің атынан диплом және ақшалай сыйақыларымен марапатталды. Сондай-ақ, бұл күні аудандықтар тегін медициналық көмекке жүгініп, ақ халаттылардың кеңесін тыңдай алды. Салтанатты шара жергілікті әртістер мен оқушылар әзірлеген мерекелік концертпен жалғасын тапты.

 

Бакыт Садуакасов.