МТРА жаңалықтары

Петропавлда Астана күні мерекесі атап өтілді

Халықтың, әдеттегідей, Орталық алаңға шығып, той-думанға қосылуына теңертең себелеп жауған жаңбыр да кедергі болған жоқ.
Жиналған қауымды, ең алдымен облыс әкімінің атынан оның бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров құттықтады.

Айдарбек Сапаров – облыс әкімінің бірінші орынбасары.

-Астана күнінің жылдан-жылға маңыздылығы артып, барша қазақстандықтарға аса күтетін мерекеге айналды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен Сарыарқа төсінде бой көтерген жаңа қала – бүгін де қазақ елінің мақтанышы. Қазіргі Астана зор қарқынмен дамып келе жатқан заманауи қала. ЮНЕСКО-ның шешімімен Бейбітшілік қаласы деген мәртебелі атаққа ие болған елордамыз бірегей сәулет пен барша қонақтарды таң қалдыруда.

Бұдан кейін, мерекеге орай, бір топ азамат елдегі қоғамдық келісімнің нығаюына қосқан үлесі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрмет грамотасы мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сіңірген еңбегі үшін Солтүстік Қазақстан облысының Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Ерекше күнде марапатқа ие болғандардың бірі – Бескөлдегі “Жігер” коммуналдық кәсіпорнының директоры Қайырбек Нұралин.

Қайырбек Нұралин – “Жігер” коммуналдық кәсіпорнының директоры, Қызылжар ауданы.

-Еңбегімді бағалап жатқанына қуаныштымын. Ауданда мен 74-ші жылдан бері қызмет етемін. 2004 жылдан бері “Жігер” мекемесін басқарамын. Су құбырын, сосын кәріз, ыстық береміз. Сосын ауылдың бүкіл абаттандырылуы – түгелімен біздің қарамағымызда.

Бүгін арамызда Астананың құрдастары да бар. Олар елорданың туған күнінде қолдарына алғашқы құжаттары – жеке куәліктерін алды.

Шыңғыс Жақып – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің оқушысы.

-Бүгін, 6-шы шілде күні өзімнің ең алғашқы жеке куәлігімді алдым. Астананың құрдасы екеніме қуанамын. Және болашақта оқу бітіргеннен кейін, Астанаға барып оқу оқып, жұмыс істегім келеді.

Мерекелік бағдарламаның ресми бөлімі аяқталған соң, кезек театрландырылған көрініс пен әуелеген ән, мың бұралған биге берілді.
Әуелі көпшіліктің алдынан Пестрое көлінен келе жатқан велошабандоздар Астана күнімен үндескен 17 метрлік мерекелік таспаны алып өтті.
Бұдан кейін “Этностар парады” ұйымдастырылды. Түрлі ұлттық киімдерді киген этномәдени бірлестік өкілдері, мектеп оқушылары мен студенттер, әскерилер осылайша көпұлтты Қазақстанның мызғымас бірлігін паш етті.
Петропавлдағы 6637 әскери бөлімінің атқышы Жамбыл Ерген – мерекелік бағдарламаға бар ынтасымен белсене қатысып жүргендердің бірі. Елдің тыныштығын қорғаушы сарбаз Астанаға тек өркендей беруін тіледі.

Жамбыл Ерген – ҚР Ұлттық ұланы 6637 әскери бөлімінің атқышы.

-Мен – Ақтау қаласынанмын. Астана қаласына әскери борышымды атқаруға бардым. Астана – өте әдемі қала. 6 ай сонда болдым. Кейін арнайы бұйрықпен Петропавл қаласындағы 6637 әскери бөліміне ауыстырды. Мен өзім қуаныштымын осы Астана күні мейрамына қатысып жатқаныма. Астана өркендей берсін, еліміз тыныш, басымыз аман болсын. Біз аянбай еңбек етеміз Отанды қорғауда.

Келесі ұжым Батырхан Шукеновтың “Отан Ана” әнімен сүйемелденген қазақ этносының тууы туралы хореодрама көрсетті.

Бүгін шырқалған би, айтылған ән де арман қала – Астанаға арналды. Қалалық мәдениет үйінің әртістері жас қалаға деген жүректеріндегі жылуды әнмен жеткізді.
Оларға көпшілік те қосылып отырды.

Ал, концерттің ортасында бүлдішрдердің жүгіріп шығып, жүрек пішіндес шарларды көк аспанға ұшыруы ерекше сүйсіндірді.
Бүгін де өмірі елордамен байланысты емес адам кемде-кем шығар. Қазақстанның жүрегі, арман қала – Астана сұлулығымен өзіне тартады да тұрады. Біреулердің онда бала-шағасы, туыстары тұрса, енді біреулері сонда оқып, сонда жұмыс істеу, тұрақты тұрғыны атануға ұмтылады.

Қайырбану Ахметова.

-Бәріне денсаулық тілеймін. Аспанымыз ашық болсын. Мінекей, осындай әдемі салтанатты күн әрдайым осылай бола берсін бізде.
Ұлболсын Шаяхметова.

-Астана – біздің еліміздің жаңалығы, біздің еліміздің көркі, жүрегі деуге болады. Біздің Президентіміздің ең үлкен еңбегінің бірі деп ойлаймын өзім. Мемлекетіміз осылай жарқырай берсін, жайнай берсін.

Мұратбек Тәліпов.

-Елбасының қолдауының арқасында, ол кісінің бастауының арқасында алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына шығуға тиіспіз деп ойлаймын. Бүкіл ел болып жуық арада ЭКСПО-2017-ны өткізсек. Содан ары қарай да үлкен жетістіктерге жете беруге тиіспіз.

Мерекелік бағдарламадан облыстық өлкетану мұражайының қызметкерлері де қалыс қалған жоқ. Олар Астананың қалыптасу тарихы, Елбасының қызметі туралы 50-ден астам фотосуретті іріктеп алып, көпшілікке ұсыныпты. Мәселен, міне мына жерде Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылғы қыркүйек айындағы Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары бейнеленген.
Сондай-ақ, осы жерде облыстық бейнелеу өнері мұражайының қорынан кәсіпқой суретшілер салған картиналар көрмесі жайылды.

 

Данаш Хамзина.