МТРА жаңалықтары

Елордасы Астанаға – 17 жыл

Бұл алаңға жиналған жұртшылықтың қарасы қалың. Баршасы таудай талабы бар дарынды жастардың өнерін тамсана тамашалауда. Көңіл-күйлері де жадыраңқы.

Бұл күні Петропавл еліміздің әр қаласынан келген қонақтарды қарсы алды. Жарылқасым Шалабаев теріскей жеріне отбасысымен бірге Астанадан ат терлетіп келіпті. Елордалық мейман қаламызда ұйымдастырылған шара мен солтүстікқазақстандықтардың қонақжайлылығына тамсанғанын айтады.

Жарылқасым Шалабаев – Астана қаласының тұрғыны.

-Бұл қалада мерекелік шара кең ауқымда өтіп жатқанына таң қалып тұрмын. Жалпы Петропавлда Астанада жоқ ғимараттар көп екен. Теріскейліктерге ризамын.

Қазақстан – халықтар ынтымағы мен бірлігін ту еткен бейбітшілік сүйгіш мемлекет. Сондықтан, Сарыарқаның төсінде жарқыраған Астананың туған күнін тойлауға қаланың бас көшесіне түрлі ұлттардың өкілдері молынан жиналды. Мерекеге ортақтасуға келгендердің арасында Махмуд Абулджабар да бар. Ауған ұлтынан шыққан жерлесіміз қаламызда 27 жыл бойы тұрып келеді. Ол еліміздің күннен-күнге гүлденіп, саяси беделі артып келетін Астанасы бары қуантады дейді.

Махмуд Абулджабар – Петропавл қаласының тұрғыны.

-Мен бұл шахардың құрылғанына куәгер болдым. Елордамыз ғажап қала. Күннен күнге гүлденіп, алға басып келеді. Бұл қаланың қазіргі кезімен бұрынғысын салыстыру мүмкін емес. Осылай алға баса беруін тілеймін. Қазақстан менің екінші үйім. Оның әрбір тұрғынына бақыт, табыс, денсаулық тілеймін. Мереке құтты болсын.

Біреулер тәуелсіздік стелласы алаңында өнерлі жастардың биіне тамсанып жатса, енді біреулері қалалық демалыс және мәдениет саябағының кіре берісіндегі “Қала таланттары” атты шараны тамашалауда. Бұл күні сахна төрінен шырқалған әр туынды елордамыз Астанаға арналды.

Мемлекеттік мерекені тойлаудан СҚО “Қамқор” мүгедектер қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің өкілдері де шетте қалмады. Олар мейрамға орай өздері қолдан әзірлеген туындыларынан жұртшылық назарына ұсынуда. Жарымжандар елордаға деген махаббаттарын осылайша білдіруді жөн санаған.

Владислав Демьянов – СҚО “Қамқор” мүгедектер қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

-Бұл көрмеде ағаштан жасалға бұйымдар, картиналар, қағаздан жасалған оригамилер жайғасқан. Жалпы 200-ден астам туынды. Бұл жұмыстарды ересектермен қатар кішкентай балалар да жасады. Біздің қауымдастық елордаға деген сүйспеншілігін осылайша білдіреді. Астана күнімен барлық жерлестерімді құттықтаймын.

Жалпы ауа райының құбылмалылығына қарамастан теріскейліктер Астана күнін тойлауға көптеп жиналды. Олар мерекелік көңілді шараларға ризашылықтарын білдіріп, елордаға жылы лебіздерін жолдауда.

-Мереке керемет өтіп жатыр. Концерт барлығы тамаша.

-Астана күннен-күнге көркейіп, гүлдене берсін. Елорда алға басса елімізде алға басады.

 

Риат Шони.