Ауыл шаруашылығы

Солтүстік Қазақстанда шегірткеге қарсы күрес жұмыстары жүргізілуде

Наурызбай Мырзабаев – ҚР АШМ АӨК СҚО аумақтық инспекциясының өсімдіктерді қорғау бөлімінің басшысы

– Биыл республика бюджеті есебінен шегірткелерді жою жұмыстарына қаражат бөлінді. Жұмыс аумағы 25 мың гектарды құрап отыр. Зиянкестер бар аймақтар қатаң бақылауға алынды. Бүгінде алқаптарда 3 бірлік техника улау жұмыстарын жүргізуде. Ол үшін “дисилин”, “даклоприд”, “комбат дәрілері қолданылуда.

Биылғы жылы облысымыздың Уәлиханов ауданындағы егіс алқаптарында зиянкестер бас көтеруде. Әсіресе Көктерек ауылдық округының алқаптарында шегірткелер көбейген. Бүгінде бұл ауданның 6 мың гектар жеріне дәрілік сұйықтық себілді. Әзірге қанатты жәндіктердің зияны егістіктерге тиіп үлгерген жоқ.

Владимир Отрадных – ҚР АШМ АӨК СҚО аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары

– Шегірткеге қарсы күрес жұмыстарын бастамас бұрын біз бірінші, оның дернәсілінің шыққан күнін анықтап аламыз. Олар негізі 45 күн ішінде 4 категориялы жасқа бөлінеді. Біз төртіншісіне жеткізбей оларды жоюымыз керек. Олай болмаған жағдайда олар қанаттанып, басқа аймаққа ұшып кетеді. Бұл жұмыстарды бүгінде екі фирма атқаруда. Жақын арада шегірткеге қарсы күрес аяқталады.

Бұл жұмыстарға жылдағыдай республика бюджетінен қаражат бөлінеді. Биылғы жылы шырылдауық шегірткелерді жоюға ел қазынасынан 14 млн. 107 мың теңге қарастырылған. Енді мамандар зиянкес көбелектерге қарсы шаралар да жүргізуді жоспарлап отыр.

Айгерим Ержанова.