МТРА жаңалықтары

224 тұрғыны бар шағын ауыл гүлденуде

Жаңадан қосылған үш түтіннің отын жағатындар “Дайындық” серіктестігінің бригадирі мен механизаторы. Олардың қатарында Дайындық негізгі мектебінің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Серік Бекжанов та бар. Ол баспана кезегіне былтыр тұрған. 1 жыл күткен маман жеке шаңырағына бүгін қол жеткізіп отыр. Бүгінгі басты шара кілт табыстау салтанаты аяқталғасын тұрғындар облыстық филармонияның арнайы концертін тамашалады.

Ал, кілтін қалтаға басқан жас мамандар болса жаңа отауларына асығуда. Мәселен, мына үй енді ауыл мектебінің дене шынықтыру мұғалімі Серік Бекжановтікі. Жұбайы Нұргүлмен отасқанына 4 жыл болған ұстаз екі баланың әкесі. Жаңа шаңырақтың босағасы берік болсын деген салтен оларды аналары шәшу шашып қарсы алды.

4 бөлмелі кең үйге қол жеткізген Бекжановтар әулеті қоныс тойды тойлауға кірісіп те кетті. Отағасы аулаға көкөністер отырғызып, мал шаруашылығымен де айналысамын дейді.

Серік Бекжанов, Дайындық негізгі мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі

– Мен үй керек деп мектептің директоры мен “Дайындық” ЖШС директорына өтінішімді айттым. Ол кісілер бірден құп алды. Әке-шешемнен жыраққа кетпейін деген себептен де ауылдан қоныс теуіп жатырмын.

Жаңа шаңырақ иелері қуаныштарын тойлап жатса, ауылдықтар орталықтағы мерекені тамашалауда. Бұл жерде Аққайың ауданының әкімі Дәурен Байтөлешов бірқатар агроқұрылым қызметкерлерін сахна төріне шақырып, көпжылдық еңбектері үшін мақтау қағаздарын табыс етті.

Біржан Шәймерденов, “Дайындық” ЖШС директоры, Аққайың ауданы

– Барлығы егіннен түскен қаражат қой. Былтыр 5 үй, алдынғы жылы 2 үй, биыл 3 үй салдық. Өзіміздің ауылдан түлеп ұшқан жастар келіп қызмет етуде.

Бүгінде, 50-ден артық қонысы бар ауылда мешіт пен 40 оқушы білім алып жатқан негізгі мектеп жұмыс жасап тұр. Әр үйге су тартылуда. Ал, тамыз айында құрылысына 11 милион теңге жұмсалған 25 балаға шақталған шағын орталықтың таспасы кесілмек. Алдағы күні “Дайындық” ЖШС директоры 350 басқа шақталған мал шаруашылығы кешенін салуды көздеп отыр. Ауылдағы оң өзгерістерге тұрғындар разы.

Акбопе Танирберген.