Құқық қорғау органдары

Облыста қасақана адам өлтіру көрсеткіші артқан

Бахытжан Сәдібеков, СҚО прокуратурасы 2-ші басқарманың бастығы

– Талдау көрсеткендей қасақана адам өлтіру өткен жылдың алғашқы 5 айымен салыстырғанда 16,7 пайызға жоғары. Онымен қоса өңіріміз соңғы жылдары қасақана адам өлтіру көрсеткіші бойынша республикамызда көш басында тұр.

Биыл қасақана адам өлтіру фактілері Қызылжар, Айыртау, Жамбыл аудандарында жиірек орын алды.

Еркеш Оспанов, СҚО прокуратурасы 2-ші басқармның аға прокуроры

– Қалада, елді-мекендерде спирттік ішімдіктер ашық түрде тіпті заңсыз негізде үйлерде сатылуда. Мұны қалайда тыю керек. Өйткені, ішімдік тұрғындарға қолжетімді болған сайын, қасақана жасалған қылмыстар саны да еселеп артуда. Кейбір азаматтар заңды белден басып, алкогольдік ішімдіктерді үйінде сатады. Мұны учаскелік полиция инспекторлары мен селолық округ әкімдері біліп отырса да, тиісті шара қолданбауда.

Ал тәртіп сақшылары болса, тұрғындардың үйіне негізсіз бас сұға алмайтындығын айтуда.

Сайлаубек Мусин, СҚО ІІД ӘПБ бастығының орынбасары

– Тәртіп сақшыларының арақ ішкен адамды үйіне барып тексеруіне құқығы жоқ. Егер зәбір көрген адамдардан шағым түссе ғана, соның негізінде тұрғындардың баспанасына бас сұға аламыз.

Жиын соңында қылмыспен күрестің тиімділігін арттыру мақсатында өңірімізде АҚШ-ның “Тазалау және орнын басу” бағдарламасын енгізу ұсынылды. Оған құқық қорғау органдары, жергілікті билік өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен тұрғындарды қатыстыру қарастырлған. Осылайша, бірлесіп атқарған жұмыстың арқасында нақты бір аумақ қылмыстан тазартылады.

Берик Касен.