Спорт

Сөйтіп, 200-ге жуық мүмкіндігі шектеулі жандар бірінші бақталастығын жеңіл атлетика бойынша бастады. Әйелдер арасында 100 метр қашықтыққа жүгіруге Тимирязов ауданының өкілі Әсемгүл Айсина дене жаттығыуларын жасап дайындалу үстінде. Әне-міне дегенше төреші белгісі беріліп нәзік жанды қызыл жолақ бойымен зулай жөнелді. Нәтиже де жаман емес.

Әсемгүл Айсина, жарысқа қатысушы, Тимирязов ауданы.

-Жаңа 100 метр қашықтықты бағындырып келдім. Қиын болғаны рас, біраз шаршаңқырап қалдым.

Ал жеңіл атлетшілерге қолдау көрсетіп тұрған Марат Аюпов қоларбамен жарыста бағын сынамақ. Қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі Смирнов атындағы интернат үйінен келген Аққайың ауданының үкілеген үміті, сайысқа былтыр да қатысқан.

Марат Аюпов, Қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі Смирнов атындағы интернат үйі, Аққайың ауданы.

-Мен қыс бойы дайындалдым. Енді қазір қоларбамен жарысқа түсемін. Жеңіске жетемін деген ниеттемін.

Жалпы «Үміт-2015» облыстық спартакиадасы спорттың – жеңіл атлетика, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ сынды 8 түрін қамтыған. Сондай-ақ, аталған спорт түрлері бойынша бақ таластыруға ниет білдірушердің саны жылдан-жылға артып келеді дейді ұйымдастырушылар.

Вячеслав Латышев, бас төреші.

-Қатысушылар саны жыл сайын артуда. Биыл олардың ерекше дайындықпен келгені байқалады. Бұл әрине мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында спорттың дамып келе жатқандығының бір көрінісі. Осы жарыстар арқылы көзге түскен спортшы халықаралық және республикалық байқауларға қатысушы ретінде іріктелініп алынады. Бүгінгі күні өңірімізден мүгектер арасынан танылған чемпиондар жетерлік.

Облыстық спартакиада екі күнге жалғаспақ. Жеңімпаздар кубок, медальдармен марапатталатын болады.

 

 

Акбопе Танирберген.