МТРА жаңалықтары

Сарытомар ауылында “Мағжан көктемі” республикаллық байқауы өтті

Аққайыңдар өлкесінде еліміздің түпкір-түпкірінен келген оқушылардың басын қосқан “Мағжан көктемі” республикалық байқауы осымен 3-ші мәрте ұйымдастырылды. Бұл жолғы шығармашылық сайыста жиыны 50-ге тарта үміткер секцияларға бөлініп, әркім өз аталымында жасындай жарқырады.

Бірінші номинацияда М. Жұмабаевтың өлеңдері жатқа айтылды. Бұл сында жасөспірімдер біріне-бірі дес берер емес. Бірі ақының 100-ден астам өлеңін жадында сақтаған. Өзге қатарластарынан жерлесіміз Камила Темірбаева да қалыспайды.

Камила Темірбаева, “Мағжан көктемі” III республикалық байқауына қатысушы, СҚО.

-Мағжан Жұмабаевтың 78 өлеңін білемін. Барлық өлеңі жаныма жақын. Бірақ маған “Сырым” өлеңі қатты ұнайды.

Мына секцияда жастар қазылар алқасына М.Жұмабаевтың шығармалары бойынша зерттеу жұмыстарын ұсынуда.

Бірі жобаны 1 ай көлемінде дайындапты.

Айдана Әсілхан, “Мағжан көктемі” III республикалық байқауына қатысушы, ОҚО.

-Зерттеу жұмысым “Мағжан – қазақ ұлтының поэзия падиша” деп аталады. Онда мен ақынның Мен жастарға сенемін өлеңін негізге ала отырып, жастарға оның жалынды жырларын насихаттауға тырыстым.

3-ші аталымда сайыстың көрігі тіпті қыза түсті. Қаламы енді ұшталып келе жатқан жас дарындар Мағжан рухына арнауын оқып жатыр. Сонадай-ақ,
осы жерде қазылар мүшесі үміткерлерге лирикалық еркін тақырып ұсынып, 20 минут ішінде әрбірінің суырып салма қасиетін бағалады. Онда өлең ұйқасы, айтар ойдың мазмұндылығы мен тыныс белгісіне мән берілді.

Аида Бақытжан, “Мағжан көктемі” III республикалық байқауына қатысушы, Ақмола облысы.

-Сайысқа 70-ке жуық өлеңімді алып келдім. Жалпы жинағымда 100-ге тарта туындым бар. Ақындық қасиет нағашыларымнан дарыған. Олар өлеңді ойларынан шығарып, гитара не домбырамен сүйемелдейді.

Жерлесіміз Дәулет Құрмаш өзі ортаға шығып, көсілетін уақытты күтуде. 5-сыныптан Мағжан, Махамбет оқуларына үздіксіз қатысып келетін жас дарын жақында Абай оқулары байқауында өңір оқушыларынан дараланып, республикалық кезеңге жолдама алыпты.

Дәулет Құрмаш, “Мағжан көктемі” III республикалық байқауына қатысушы, СҚО.

-Байқау әділ өтіп жатыр. Мен СҚО-ның намысын қорғаудамын. Сайысқа “Жауқазын жырым-жан сырым” атты жинағымды әкелдім. Мұнда 40 өлеңім бар.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жыл өткен сайын ақиық ақынның шығармашылығына қызығушылық танытатын жас дарындардың саны артуда. Тіпті олар Мағжан бабасының отты жырларынан нәр алып, тұшымды, үлкен ойлар айтатын халге жеткен.

Гүлдерай Қайнетова, “Білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығы” МКМ директоры.

-Мағжан атасының рухты жырларынан шабыт алса керек, балалар сахнаға шыққанда жалындап, көздерінде от ойнап тұрады. Мен 10 жыл көлемінде Мағжан оқуларына қатысып жүрмін. Содан бері үміткерлердің деңгейінің өсіп келе жатқандығын байқаудамын.

Іс-шараның соңында тәуелсіз елдің жастары “Мағжан аллеясына” 20 түп жас қарағай көшетін отырғызып, баба ескерткішінің басына барып, рухына тағзым етті.

 

 

Берик Касен.