МТРА жаңалықтары

Алаш қозғалысының қайраткері Мағжан Жұмабаевтың дүниеге келгеніне 122 жыл

Қарақұрым халық алдында сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай болашаққа үлкен үмітпен қараған ғұламаның есімімен теріскейде өткізілетін әрбір іс-шараның маңызы зор екендігін алға тартты.

Ғалым Жайлыбай – Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, ақын.

-Қызылжар талай ұлылардың бесігін тербетіп, кіндігін кескен жер. Осы жерде ұлы ғұлама М.Жұмабаевта дүниеге келген. Ол кісінің есімімен өтетін әрбір іс-шара біздер үшін өте маңызды.

Қылышын көкке жалмаған қызыл террор қазақ әдебиетінің жарқын жұлдыздарын қынадай қырып, жазықсыздан жазықсыз ату жазасына кесті. Олардың қатарында болашаққа үлкен үмітпен қарап, “Мен жастарға сенемін” деп ұрандатқан жерлесіміз М.Жұмабаев та бар. Салтанатты шараға қатысқан жазушының немере інісі Тасболат Бекенов ақын өлсе де, оның өлеңдері мәңгі халық жадында екенін тілге тиек етті.

Тасболат Бекенов – М.Жұмабаевтың немере інісі.

-Мағжанның бойындағыдай талант қоғамда өте сирек кездеседі. Ақын өлгеннен кейін ондаған жылдар өтсе де, уақыт оның шығармашылық дәулеті еліне қайтарылды. Жазушының есімін қанша жасырса да, ол бізге қайта оралды. Ақын өлсе де, ақынның өлеңдері мәңгі жадымызда.

Кейін барлық жұртшылық Алаш қозғалысының қайраткері М.Жұмабаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Бұдан соң Қызылжар төрінде өтіп жатқан “Мағжан көктемі” үшінші республикалық фестивалінің екінші күні жалғасын тапты. Бұл байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен мықты деген, бәйгені оза шауып ешкімге дес бермеген 15 ақын-өнерпаз қатысуда. Жиының салтанатты ашылуына қатысқан аймақ жетекшісі Ерік Сұлтанов барлық конкурсанттарға сәттілік тілеп, Ұлы Мағжан Жұмабаевтың есімін ұлықтау кейінгі ұрпақтың міндетті парызы екенін алға тартты.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.

-Құрметті қонақтар! Қазақтың Ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың кіндік қаны тамған қасиетті Солтүстік Қазақстан жеріне қош келдіңіздер. Алғашқы байқауда Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ә.Кекілбаевтың қазылар алқасында төрағалық еткені баршаңызға белгілі. Биылғы дәстүрлі өнер мерекесі Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып отыр. Бұл – барша қазақ жұрты үшін үлкен мәртебе деп білемін. Облыста Ұлы Мағжан есімін ұлықтау мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылған. Ақынның өзі білім алған оқу ордасына М.Жұмабаев есімі берілген.

Бүгінгі фестивальға қатысушылардың қатарында Шығыс Қазақстан облысының сөз мергені Рауан Қабидолдин де бар. 25 жасар жігіт конкурсқа ерекше дайындалыпты. Ақынға еліктеп, шаш үлгісін де жазуышынікіндей қидыртып, образын сомдауда.

Жалпы конкурсант бұл байқауда мықты ақындармен үзеңгілес болып, өнер көрсету мен үшін үлкен мәртебе дейді.

Рауан Қабидолдин – “Мағжан көктемі” III республикалық өнер фестиваліне қатысушы, ШҚО.

-Республикалық байқау болғаннан кейін мұнда кәсіби ақындар келеді. Олармен иық тірестіріп, үзеңгілес болу мен үшін мәртебе.

“Мағжан көктемі” үшінші республикалық өнер фестиваліне қатысушылар үш номинация бойынша сынға түсуде. Олар: Мағжанға арналған жазба ақындар мүшәйрасы, жазушы өлеңдерін мәнерлеп оқу – көркемсөз оқушылар сайысы мен ақын өлеңдеріне жазылған әндер конкурсы. Қарағандылық өнерпаз Марғұлан Тұяқов байқаудың соңғы номинациясында өз бағын сынауды жөн көріпті.

29 жасар өнер иесі ән айтумен бала кезінен әуестенеді. Мамандығы режиссер болса да музыканы жанына жақын ұстаған жанның бұл алғашқы байқауы.

Марғұлан Тұяқов – “Мағжан көктемі” III республикалық өнер фестиваліне қатысушы, Қарағанды облысы.

-Мағажан көктемі” фестиваліне ақын өлеңдеріне жазылған әндер номинациясы бойынша қатысып отырмын. Байқау жоғары деңгейде өтуде.

Конкурсқа қатысушылардың өнерін Қазақстанның белгілі қоғам қайраткерлері бағалады. Олар қазіргі заман ақындары, газет редакторлары мен композиторлар. Байқау қорытындысы бойынша барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

 

Риат Шони.