МТРА жаңалықтары

СҚО ІІД-нің ғимараты жанындағы ҰОС ардагерлеріне арналған ескерткіш жаңартылды

Сұраған Көпеев, СҚО ІІД ардагерлер кеңесінің төрағасы

– Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында орнатылған бұрынғы ескерткіш көңілімізден шықпады. Сосын осындай мемориал тұрғызуды жөн санадық. Ескерткіштегі негізгі тізімге соңғы жылдары дүниеден озған 10 ардагердің есімі де енгізілді.

Жалпы соғыстан кейінгі жылдары облыстық құқық қорғау органдарында барлығы ұлы отан соғысына қатысқан 770-тен астам жауынгер қызмет еткен. Бүгінде 9-ның ғана көзі тірі. Жауынгерлердің майдандағы ерлігін осы күні кейінгі ұрпақ, жолын қуған полиция өкілдері ту етіп келеді. Және жылда жеңісті жақындатқан қарт жауынгерлердің рухына тағзым етіп, олардың құрметіне орнатылған ескерткіш басына гүл шоқтарын қояды. Айта кетейік, бұл мемориал ҰОС-дағы Жеңістің 70 жылдығына орай жаңғыртылды.

Бұл күні ардагерлерді құқық қорғау саласында жолын қуған ізбасарлары еске алды. Олардың өздері бүгінде ел ағаларына айналды. Шауали Рахмалинов кезінде соғыстың зардабын тартқан көп баланың бірі. Бүгінде самайына ақ шаш түскен атамыз өткенді еске алып, 4-5 жасында аптап ыстықтарда масақ тергенін, аштықты көргенін айтты.

Шауали Рахмалинов, ІІМ құрметті ардагері

– Соғыс жылдары ұят та болса айтайын, тышқанды, сарышұнақты жедік. Орыстардың бау-бақшасында өсіп тұрған картоптың крахмалын да жеген кезіміз есімде. Соғыстан әкем және екі ағам аман оралып, 90 жасқа таяп дүниеден озды.

Бүгін, яғни маусымның 23-і Қазақстан полициясы күніне орай отставкадағы милиция капитаны Шауали Рахмалиновке салтанатты түрде “ІІМ-лігінің құрметті ардагері” атағы берілді. Атамыз Соколовка елді-мекенінде учаскелік полиция инспекторы, кейін ведомставадан тыс күзеттің бастығы міндеттерін атқарған.

Берик Касен.