МТРА жаңалықтары

“Серебряный бор” шипажайының демалушыларға есігі ашық

Шәпия Касенова

– Қартайғанда жатпау керек, жүру керек. Неге десеңіз мына иық, қол бәрі қозғалыста болуы керек. Мен осының бәрін сақтаймын. Сондықтан да болар бүгін де 89 жасқа қараймын.

Тренажерлық құрылғылар орналасқан залда демалушылар спортпен айналысса, келесі кабиенетте ем-дом шараларын қабылдайды. Түрлі аппараттардың көмегімен олардың сырқаттары жеңілдеп, бір уақыт массаж қабылдайды. Сондай-ақ, циркулярлық душпен қатар тұз бен шөптерді қосып қабылдайтын ванна да бар.

Оксана Станина, «Сереьряный бор» шипажайының медбикесі

– Шипажайға келушілерді табиғи факторларды қолдану арқылы және заманауи құрылғылардың көмегімен сауықтырамыз. Негізінен қариялар мен мүгедектердің денсаулығын нығайтуда түрлі әдістерді қолданамыз. Ол мақсатта физио және уқалап емдеу кабинеттері бар. Физиокабинетте – дарсонвализация, электрофорез, магнитті және лазерлік терапия, климототерапия сынды емдеу құрылғылары бар.

Ғимараттың екінші қабатында жатын бөлмелер орналасқан. Жалпы, сауықтыру мен демалыс орны 18 адамға шақталған. Бастысы, шипажай келушілердің көңілінен шыққан.

– Маған Ұнап жатыр. Келіп тұзды ваннаға түстім. Массаж алдым. Келесі жылы тағы келмекшімін.

– Мен Ауған соғысы ардагері болғандықтан, тегін жолодамаға қол жеткіздім. Мұнда келгелі тоқ пен массаж алудамын. Денсаулығым біраз жақсарып қалды.

Аталмыш шипажай 2015 жылдың қаңтарынан бастап жұмыс істейді. Маусымның 17-де 7-шы рет кезекті сауығушыларды қабылдаған. Пайдасы мол демалыс орнын ашу үшін «ВладиГер» серіктестігінің директоры «Жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасына жүгініпті.

Владимир Окунов, «ВладиГер» ЖШС директоры

– Бұрын бұл шипажай туристік орталық болған. Енді медициналық құралдармен жабдықталған сауықтыру орны ретінде жұмыс жасайды. Мұнда жергілікті тұрғындармен қатар өзге қалалар мен елдерден де демалушыларды қабылдаймыз. Алдағы жылдарға құрып отырған жоспарларымыз көп. Олардың қатарына шетелден жаңа аппараттар әкелу мен Өлі теңізден балшық алдырту бар.

«Серебренный бор» сауықтыру үйінің маңында монша, баларға арналған түрлі әткеншектер орналастырылған. Көбіне қарттар және ардагерлер жолдама арқылы келеді. Мұнда кез-келген демалушыға есік ашық, тек күніне 7 мың теңге төлесе болғаны.

–   Сондай-ақ бұл жерде киіз үйлер де бар. Бірі ас үйі болса, екіншісі демалуға арналған. Мұның іші домбыра, сандық, құрақ көрпе сынды ұлттық құндылықтарға толы. Табиғат аясында орналасқан киіз үйлерде тынығуға меймандардың қызығушылығы зор.

Қарағайлар – мұнда жоғары маңызға ие. Бұл 70 гектарлық орманның шеті ғана. 300-400 жылдық тарихы бар көне ағаштар арасында демалу – тыныс жолдары ауруларына шипа.

Акбопе Танирберген.