Спорт

Петропавлда мемлекеттік қызметкерлер арасында шағын футболдан облыстық турнир басталды

Айсары Шакиров – ойынның бас төрешісі

– “Жастар” стадионында мемлекеттік қызметкерлер арасында футболдан чемпионат өтуде. Ойынға барлығы 18 команда қатысады. Олар үш топқа бөлінді. Бүгінде бұл спорт түріне жастар қызығушылық танытуда. Сонымен қатар, бүгінгі ойыншыларды төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Ойында сәттілік тілеймін.

Бұл алаң үшке бөлінген. Солардың бірінде қаржы басқармасы мен ішкі саясат бөлімінің мамандары доп қуып жүр. Кездесуде қара түсті формадағы қаржыгерлер командасы басымдық танытты. Нәтижесінде олардың қарсыластарының қақпасына бағытталған соққылары нәтиже беріп, екі бірдей гол кірді.

Қаржы саласында қызмет жасап жүрген мамандар бұл жеңіске оңайлықпен келген жоқ. Алаңда оларға біраз тер төгуге тура келді.

Нұрлан Жұмажанов – СҚО қаржы басқармасының бас маманы

– Біздің команда ойыншыларының физикалық дайындықтары жақсы. Барлығы да өз қалауымен келгендер. Жаңа ғана біз ішкі саясат бөлімімен ойнадық. Оларды жеңу сәл қиындау болды. Бірініші күні болса да қалалық әкімдік пен қалыққа қызмет көрсету орталығының мамандары жақсы ойын көрсетті.

Ал мына жерде Қызылжар ауданы мен Петропавл қалалық әкімдігінің мамандары жарысуда. Бірақ мұнда алаң қожайындары басымдық танытып, гол артынан гол соғуда. Екі таймның қорытындысы бойынша петропавлдық спортшылар 6-да 0 есебімен алға шықты.

Дәулет Қалиасқаров – Петропавл қалалық әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы бөлімінің жетекшісі

– Бірінші кезекте әріптестерімді мерекемен құттықтаймын. Бүгінгі ойынға біз екі апта дайындалдық. Командамызда әр бөлімнің қызметкері бар. Барлығы да мықты ойыншы екенін көрсетті. Қарсыластарымыздың қақпасына 6 гол соғып, үлкен басымдықпен алға шықтық.

Бұл ойынның жеңімпаздары екі күн ішінде анықталады. Яғни, алдымен 3 бөлімге бөлінген 18 команданың 6-уы финалға шығады. Екінші күні шағын футболдан мемлекеттік қызметкерлердің ең мықты командасы анықталады.

 

Айгерим Ержанова.