Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облысымызда туристік маусым ашылды

Осы орайда үстіміздегі жылдың наурыз айында туристерді Қазақстанның солтүстігіне тарту мақсатында шеберлік-жоспары қабылданды. 89 бөлімнен тұратын құжат өңірлік үйлестіру кеңесінде талқыға салынды.

СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының жетекшісі Айдын Керімбек облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукеновке атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде әр бөлім бойынша есеп берді. Айдын Керімбектің айтуынша, облысымыздың Шал ақын, Есіл, Қызылжар аудандарында туризм саласын дамытатын мамандар жетіспейтін көрінеді.

Айдын Керімбек – СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының жетекшісі.

– Наурыздың 19-ы күні мәслихат 89 бөлімнен тұратын шеберлік-жоспарын бекітті. Бүгінде оның 16-сы іске асып, 46-сы әлі орындалу үстінде. Бірақ, 46 бөлімнің 27-не бюджеттен қосымша қаражат керек. Біз есеп-қисап бойынша барлық құжаттарды әзірлеп қойдық.

Сондай-ақ, жақын арада Петропавл-Саумалкөл және Астана-Володаровка бағытында электр поезды жүретін болды. Арықбалық пен Саумалкөлді байланыстыратын жол да күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Дамыған инфрақұрылым демалушыларды осы өлкеге тартуға өз септігін тигізетіні анық. Бұдан соң, Ерлан Әукенов бастаған делегация аудандағы туристік демалыс орындарын аралады. Имантау көлінің маңайындағы «Ақбар» демалыс орны 2003 жылы қалпына келтірілген. Бүгінде мұнда күнделікті 150 адам дем ала алады. Тамағымен қоса алғанда, бір тәуліктік демалыс құны 2500 теңгеге айналады. “Солнечный ВИП” – Имантау көлінің маңайындағы тағы бір демалыс базасы. Мұнда осы күні пантымен емдеу орны ашылды. Шағын үй түрінде тұрғызылған сауығу орнында 45 адам сырқатынан айыға алады. Биыл демалыс орнына 30-ға жуық марал әкелінген. Олардың мүйіздерінен дәрілік сұйықтық әзірленіп, емдік шараларға қолданылады.

Жанат Құсайынова – “Солнечный ВИП” демалыс орнының дәрігері.

– Біз пантылық емдеу жүргіземіз. Ол үшін марал мүйізін қайнатып, сұйықтық әзірлейміз. Содан кейін ваннаға 40-45 градус шамасында 70-100 литр су құямыз. Оған сәйкесінше 50 миллилитр емдік қоспаны араластырамыз. Емделуші толығымен су астында 12-20 минут жатуы керек. Нәтиже болуы үшін осындай 10 процедура жасау қажет. Ол физикалық және ойлау қабілетін жақсартуға пайдалы.

Айыртаудың таза ауасын жұтып, демалысын әсем табиғат аясында тиімді әрі пайдалы өткізу үшін мұнда жиылған жұрттың қарасы қалың. Келушілер Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған. Сәуле Сүлейменова Елордамыздан арнайы солтүстік жеріне демалу үшін келген.

Сәуле Сүлейменова – демалушы.

-Менің мұнда келгеніме бір жұма болды. Өткен жылы бұл жерге туыстарыммен алғашқы рет келгенмін. Өзіме қатты ұнады. Биыл құрбыммен келуді жөн көрдім. Таза ауасы, көз тартарлық сұлу табиғаты әр демалушының жүрегін жаулайды. Демалушыға барлық жағдай жасалған.
Кейін туристік маусымның салтанатты ашылуы өтті. Оған қатысушыларды өңір жетекшісі Ерік Сұлтановтың атынан облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов құттықтады. Іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты. Би биленіп, ән айтылды.

Салтанатты шараға қатысушылар Қызылжар, Айтыртау, Шалақын, Есіл аудандарының шеберлері жасаған көрмені де тамашалады. Сонымен қатар, демалушылар назарына қазақтың ұлттық ойындары да ұсынылды.

Айту керек, Айыртау өңіріне жыл сайын мыңдаған демалушы келетін көрінеді. 2014 жылдың өзінде 20899 турист солтүстіктің әсем де сұлу табиғатын тамашалап қайтқан. Жалпы бұл ауданда 31 демалыс нысаны бар. Оның 24-і Шалқар, қалған 7-еуі Имантау көлінің жағалауында.

 

 

Айгерим Ержанова.