Құқық қорғау органдары

Маусымның 23-і – Қазақстан полициясы күні

Берік Біләлов- СҚО ІІД бастығы.

-Бұл мереке қоғамдық тәртіпті қадағалауда аянбай еңбек етіп жүрген барша азаматтарға деген құрмет белгісі. Тек сол жандардың батылдығы мен батырлығының арқасында тәртіп орнап, тыныш қоғамда өмір сүрудеміз. Мереке құтты болсын.

Бұдан соң жұмысында, қоғамдық тәртіпті күзету және қылмыспен күресуде жоғары жетістіктерге қол жеткізген солтүстікқазақстандық 15 полицей ҚР ІІМ марапатына ие болды. Ал Бахыт Ақжолова үшін бүгінгі кәсіби мереке тағы бір қуанышты жаңалыққа ұласып отыр. Оған кезектен тыс полковник шені берілді. Нәзік жандының осынау маңызды да жауапты қызметті таңдағанына 20 жылдан астам уақыт өтіпті.

Бахыт Ақжолова- СҚО ІІД тергеу басқармасының аға тергеушісі.

-Мен мұндай марапатқа ие болғаныма қуаныштымын. Бұл маған артылған үлкен сенім деп білемін. Әрине өмір жолында талай қиындықтарға тап болдық, десе де өз жұмысыма деген адалдық, әріптестерім мен отбасымның қолдауы маған күш беріп, жігерлендірді.

Бұл күні тағы 60 тәртіп сақшысы СҚО ІІД бастығының марапатына ие болды. Өз өмірлерін қатерге тігіп, халқына қызмет көрсететін барша тәртіп сақшыларын кәсіби мерекемен облыс әкімі Ерік Сұлтанов та құттықтады.

Ерік Сұлтанов- СҚО әкімі.

-Бұл- өмірін қоғамның тыныштығын сақтау, қылмыспен күресу сияқты аса жауапты саламен байланыстырған ішкі істер органдарының қызметкерлері үшін ерекше мереке. Біздің облыстың полицейлері қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқығын қорғау жолында аянбай еңбек етіп келеді. Сондай- ақ, ішкі істер органдарының қызметкерлері қоғамдық өмірге де белсене араласады.

Құттықтау сөзден соң аймақ басшысы Ерік Сұлтанов 14 полиция қызметкерін марапаттады. Солардың қатарында Нұржан Омаров та бар. Бұл марапат полицейдің ұзақ жылғы адал еңбегінің жемісі.

Нұржан Омаров- СҚО ІІД анықтау басқармасы тергеу бөлімшесінің бастығы.

– Мен 21 жыл осы салада еңбек етудемін. Бүгін құрмет грамотасын марапатталып жатырмын. Қуаныштымын. Қазргі кезде ІІО көп көңіл бөлініп жатыр.

Кейін мерекелік бағдарлама күш құрылымдары арасында өткен жазғы спартакиаданың қортындысын жариялаумен жалғасты. Ең алдымен әр сайыс бойынша жеңімпаздар анықталып, оларға медаль мен грамоталар табысталды. Кейін жалпы командалық нәтижелер жарияланды. Спартакиада қортындысы бойынша 3-ші орынды қылмыстық атқару жүйесі департаменті жеңіп алса, 2-ші орынан Айыртау аудандық ішкі істер бөлімі көрінді. Ал бірінші орынға СҚО ІІД командасы лайық деп танылды. Оларға кубок пен жүлдеге тігілген автокөлік кілтін өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов табыс етті. Спорттың 5 түрін қамтыған жарысқа, 25 команда қатысыпты.

Самат Жантасов- СҚО ІІД қызметкері.

-10 адам болды бізде. Атыстан, футболдан бірінші орын алдық. Самбодан 2-ші орын алдым. Дайындықтар жақсы өтті. Алдағы жарыстарға да жақсылап дайындалып, бірінші орын аламыз.

Бұл күні балалар арасында өткен шығармалар сайысының жеңімпаздары да белгілі болды. Жиынға қатысушыларды «Динамо» спорттық қозғалысының мерейтойымен белгілі жерлесіміз – Александр Винокуров құттықтады.

Александр Винокуров- Лондонда өткен олипмпиада ойындарының чемпионы.

-Ең алдымен барлық полиция қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Мен осы спорт қозғалысының құрамында болып, талай додаларда өнер көрсеттім. Әлі күнге дейін мақтан тұтамын. «Динамо» бірлестігін осындай сайыстарды өткізіп тұратындығына қуаныштымын. Ол талай белгілі спортшылардың шығуына көмектесті.

Бұл күні ҚР ІІМ атынан облыс әкімі Ерік Сұлтановқа ішкі істер органдарымен бірлесіп атқарған жұмысы үшін Құрмет грамотасы табыс етелді. Ал өңіріміздің бас полицейі Берік Бәліловқа «Динамо» спорт қозғалысын дамытудағы еңбегі үшін олимпиада комитетінің төсбелгісі берілді. Жиын концертке ұласты.

 

 

Магжан Ахмадина.