Без категории

22 маусым Ұлы Отан соғысының басталған күні

Әскери коммисариатқа алғашқылардың бірі болып Сергей Александров та келген. Ол сол жылдың шілде-тамыз айларында құрылған 314-ші атқыштар дивизиясының қатарына алынды. Бұл құрамда 11 мыңға тарта солтүстікқазақстандық қыз-жігіттер болған. 1074 атқыштар полкінің солдаты Отанын нағыз патриот ретінде қорғады. Сұрапыл соғыстың аяқталуына таман қалғанда Сергей жау қолына түспес үшін өзін-өзі атқан екен. Өйткені фашистерге тұтқын болуды ол елін сатқанмен тең көрді.

Вера Андреева – СҚО тарихи-өлкетану мұражайының маманы.

– Александровтар отбасы Петропавл қаласына 1918 жылы көшіп келген. Соғыстың басталғанын естіген ол бірден майданға аттанады. Оның қойын дәптерінде сұрапыл соғыс жайлы біраз ақпарат жазылған. Соңғы жазбасын ол 1942 жылдың мамырында түсірген. Ал 1943 жылы оның отбасына қаралы хабар келеді. Жары Александра Сергейдің амалсыздан өзін-өзі атқанын естиді.

Ал соғыстың алғашқы жылы Отан үшін күреске 40 мыңға тарта жерлес қыз-жігіттер аттанған. Оның 68-і Брест қамалын қорғады. Солардың қатарында Василий Митин де болған. 20 жасар азамат 45-ші полктің 42-ші атқыштар дивизиясында әскери қызметін атқарды.

Вера Андреева – СҚО тарихи-өлкетану мұражайының маманы.

– Василий Митин өз естеліктерінде ауыз судан таршылық көргендерін айтады. Муховец көлі майдан даласынан небәрі 100 метр жерде болған. Бірақ әрбір шаршы метрін фашистер отқа орапты. Сол себепті солдаттарды сумен қамту қиын болды. Ең бірінші, кішкентай балалар мен аналар, ауруханалар тіршілік көзімен қамтылды дейді ол. Ал бесінші күні Василий Митинге бомбаның жарықшағы тиеді. Басынан жараланған ол жау қолына түсіп қалады.

Майдан даласында барлығы 4 жылдың ішінде 74 мыңға тарта солтүстікқазақстандық Отанын қорғаған. Оның 45 мыңы қызыл ошақта қаза тапты. Бүгінде облысымызда Ұлы Отан соғысына қатысқан 148 майдангердің ғана көзі тірі. Сонымен қатар, Жеңістің 70 жылдығына орай ұйымдастырылған шара барысында мұражайға 400-ге тарта тарихи жәдігер әкелінген. Олардың ішінде фотосуреттер, майдангерлердің хаттары, солдаттардың жеке заттары бар. Бүгінгі көрмеге олардың тек жартысы ғана қойылды.

 

 

Айгерим Ержанова.