МТРА жаңалықтары

Сотталғандар да білім алуға құқылы

Кеуделерінде көгілдір таспа, үстінде сәнді көйлек, басында ақ бантик. Бүгін жазасын өтеуші қыз-келіншектер үшін айрықша күн. Салтанатты шарада 8-іне мемлекетік үлгідегі жалпы орта білім алғандығын растайтын аттестат табысталды. Біразы бостандықта жүргенде белгілі бір жағдайларға байланысты оқуын аяқтай алмаған. Сондай-ақ, осы күні 44 адамға қалақшы, тігінші мамандықтарын 10 ай меңгергендігі туралы куәлікпен қоса 3-ші разряд берілді. Жазасын өтеушілер дипломның қосымша парағын қайта-қайта ақтарып, қуаныштарын жасырмады. Жүздері бал-бұл жайнап, бірін-бірі кәсіптік білім алуымен құттықтап жатты. Олар мемлекетік үлгідегі құжатпен еліміздің әр аймағында жұмысқа орналаса алады.

Әсел Оңайбаева, жазасын өтеуші

– Мұнда балалардың киімдерін тіктім. Бостандыққа шыққанда осы мамандығым бойынша жұмыс істеп, жеке шеберханамды ашқым келеді.

Заң бәріне ортақ, әсіресе жалпы орта білімді барлық азамат алуға құқылы. Мейлі олар абақтыда отырса да. Бір әтеген-айы, жергілікті билік оның 1 пайызын ғана тұрақты жұмыспен қамтуға кепілдік береді.

Айқын Баженов, ЕС-164 / 6 мекемесі бастығының орынбасары

– Бостандыққа шыққанан кейін келіншектердің біразы жұмысты өздері табуы тиіс.

Қыз-келіншектер салтанатты шараға арнап өз қолдарымен тіккен сәнді көйлектерін киіп, бар өнерлерін ортаға салды.

Бұл жандар тар қапаста отырса да болашағына сеніммен қарайды. Көбі темір тордан босап шыққанан соң отбасын құрып, балалы болуды, ұнатқан мамандығы бойынша жұмысқа орналасуды армандайды. Кейбірінің заңгерлік, экономикалық жоғары білімі бар екен.

Берик Касен.