МТРА жаңалықтары

Әлемді шарлаған саяхатшылар Петропавлда

Сергей Озимков, саяхаттаушы, Петрозаводск қаласы, Карелия Республикасы

– Сөмкеміздің ішін күнделікті реттеп отырамыз. Ауа-райына қарай ең қажетті дүниелерді саламыз. Әрқашан бірге алып жүретін заттар сағаттың батарейкасы, бағыт жоспары, маркер және телефон қуаттайтын қосымша құралдар.

Ақшадан басқасының бәрі бар. Ал, ас-ауқатқа қажет қаржыны кішігірім ерін гармонымен аяқ асты ойлап тапқан әуендерін орындап табады. Олар түрлі қалалаларға жол бойында көлік тоқтату арқылы қатынайды. Шатырларын табылған оңтайлы жерге құрып – түнеп шығады. Саяхаттың маңызы мен қызығы да осында жатыр.

Денис Туга саяхаттаушы, Петрозаводск қаласы, Карелия Республикасы

– Қызықты, адамдармен танысып, жаңа дүниелерді көріп-білеміз. Жолдорбалар, әрине, ауыр. Климаттың алмасуы да бар. Мәселен, Ресейде суық, ал сіздерде аптап ыстық екен.

Саяхатшылар бағыттарына өзгеріс енгізіп Қазақстанға келгендеріне еш өкінбейді. Бурабай мен Астанаға да соғамыз деп отыр. Оларды Петропавлдықтар да емен-жарқын қарсы алыпты. Бірі моншаға апарып, бірі ойын-сауық орталықтарындағы би кешіне шақырған. Жақын күндерде автоаялдаушылар бағыттарын жалғастырып, жолға қайта шығады.

Сергей Озимков

– Кейде жолда қол көтеріп көлік тоқтату үшін 10 минут, кейде 2-3 сағатымыз кетеді. Мысалы, Перьмде жолдың қай шетінен тоқтататынын анықтай алмай, 5 сағат жүргенбіз. Әзірге күлкілі, дау-жанжалды оқиғалар орын алмады.

Жиһанкездер біздің елден кейін Моғолия мен Қытайға ат басын бұрмақ. Жалпы жігіттердің алған бағыты әлемнің барлық құрлықтары. Осы қысты Экваторда өткізбекші. Жолаушылар жершарын кезген сапарларын үш жылда аяқтап, үйлеріне оралуды көздейді.

Акбопе Танирберген.