Көлік және жолдар

Биыл Астана-Петропавл бағытындағы жолды жөндеуге ел бюджетінен 14 млрд. 300 млн. теңге бөлінді

Ринат Мирзануров – “Kazpaсo” ЖШС Астана-Петропавл бағытындағы 418-443 км жер телімінің басшысы

– Қазіргі таңда астыңғы қабаттағы ұсақ тастарды салып, аяқтадық. Бүгіннен бастап үстіңгі қабатқа көштік. Әзірге 9 км жол қамтылды. Ауа райы қолайлы болса, үш күн ішінде қара ұсақ тас төсеуді аяқтаймыз. Бүгінде бригада құрамында 37 маман жұмыс жасап жатыр.

Астана-Петропавл бағытындағы республикалық маңыздағы жолды жөндеу жұмыстары толығымен 2017 жылы аяқталады деп жоспарланған.
Сондай-ақ, Бескөл-Петропавл бағытының 10 шақырымына жаңа жол төсеу үшін ел бюджетінен 5 млрд. 140 млн. теңге бөлінген. Бұрынғысына қарағанда, бұл жолдардағы асфальтты қабат 10 жыл еш жөндеусіз тұратын көрінеді. Өйткені асфальтобетонды сұйықтықтың құрамы ерекше,- дейді маман.

Александр Луценко- «К – DorStroy» АҚ бас құрылыс мердігері

– Бұл жол 10 жыл еш жөндеусіз тұрады. Өйткені мұнда целлюлозалы қоспалар араластырылады. Жаңа жолда 2 бағыт, әрқайсысында 2 жолақтан болады. Сонымен қатар, қоршаулар орнатылып, бағдаршамдар қойылады. Бұл 11 шақырымға жуық арақашыққа жаңа жабындыны 2016 жылы төсеп аяқтаймыз деп отырмыз.

Қазір аталмыш бағыттардағы жолдың құрылысына 42 бірлік техника мен 300 адам жұмылдырылған. Жаңа әдіспен жұмыс жасаудың тиімділігін қазақстандықтар Жапониядағы әріптестерінің тәжірибесінен байқаған. Елімізге бұл технология 2006 жылдан бастап енген.

Алмаз Ыдырысов – «ҚазАвтоЖол ҰК» СҚО филиал директорының орынбасары

– Елбасымыздың “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында қазіргі таңда Астана-Петропавл бағытындағы автомобиль жолында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 143 км. Оның ішінде 117 км-де жөндеу жүргізілуде. 14 млрд теңге бөлінді. 2014 жылы автомобиль жолының 26 км іске тапсырылды. Биыл 55 км тапсырылмақ.

Енді мамандар Петропавлдан Қорғанға дейін жол салуды жоспарлап отыр. Бұл жоба келесі жылы қолға алынбақ. Әзірге жол жөндеу жұмыстарының жобасы құрылып, зерттелу үстінде.

Айгерим Ержанова.