МТРА жаңалықтары

Петропавлдық жас өнертапқыштар республикалық сайыста жүлдегер атанды

Саматтың роботы ерекше. Берілген бағытты өзі анықтап жүреді. Оқушы құлтемірдің әр бөлшегін зерттеп, құрылымын жетік меңгерген. Техникалық шығармашылықпен айналысатын жас дарын болашағын ақпараттық технологиялар саласымен байланыстырмақ.

Самат Мақатов – Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның 9-сынып оқушысы.

– Мен бұл сайыста траектория номинациясы бойынша қатыстым. Яғни, бұл біздің құрастырған роботтарымыз адам көмегінсіз аз уақыт ішінде қара түспен белгіленген жолды өтіп шығу керек болды. Жиналған техникамыз жолақты фотоқұрылғы арқылы анықтап, жүріп өтті. Нәтижесінде қола жүлдені иелендім. Роботым 25 секунд ішінде жүріп өтті. Күміс жүлде иегерінен мен небәрі 1-ақ секундқа артта қалдым.

Олжас Сәбитов дәл осы жарыстың кегль-ринг номинациясына қатысып 2-ші орынды иеленді. Жас өнертапқыш робототехнологиямен айналысуды өткен жылдың қазанынан қолға алыпты. Аз уақыт ішінде ол түрлі сайыстарға қатысып, жеңімпаз да атанып үлгерді. Ал мынау – оның республикалық деңгейдегі алғашқы жүлдесі.

Олжас Сабитов – әл-Фараби атындағы мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы.

– Жалпы роботтың мақсаты – шеңберде тұрған кегльдерді соғып, шеңбер сыртына шығару. Осы нәтижені көрсету үшін құрастыру бағдарламасы ыңғайлы, қолайлы болу және де қозғалысы дұрыс болуы керек.

Павлодар қаласында өткен жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 128 дарын жиналған. Облысымыздың намысын 7 оқушы қорғады. Тең жартысы жүлделі орындарды иеленіп қайтты.

Әділбек Исмағұлов – әл-Фараби атындағы мектеп-лицей директорының ақпараттық-коммуникативтік технология жөніндегі орынбасары.

– Робототехника жарысы кегль-ринг және траектория номинациясы бойынша өтті. Солардың біз 6 мүмкін жүлделі орнының төртеуіне ие болып қайттық. Нәтижелеріміз жаман емес. Әлі де атқаратын жұмыстарымыз көп. Сайыста тәжірибе алысып, қателіктеріміз болса, өз жұмыстарымызды әрі қарай жалғастыруға мақсат қойып отырмыз.

Енді өнертапқыштар маусымның 18-і мен 28-і аралығында Қостанай қаласында өтетін республикалық жарысқа дайындалуда. Онда Тимур Мартемьян, Нұржан Төлегенов пен Сұлтанбек Тагишов қатысады.

 

 

Айгерим Ержанова.