МТРА жаңалықтары

Салық төлемесеңіз, шетелге жол жабық

Евгений Яковенко- Петропавл қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары.

– Кез-келген салық төлеуші өз парызын орындап, салықты уақытылы төлеп тұруы тиіс. Алайда кейбірі оны орындай қоймайды. Ондайлардан тиісті соманы өндіріп алу үшін бірқатар шаралар жасалған. Солардың бірі салық төленіп бітпегенше, шетелге шығуға рұқсат етпеу.

Тәжірибе көрсетіп отырғандай, шетелге шыға алмаған азаматтар бірден мемлекет алдындағы қарызын өтейтін көрінеді. Ал туристік агенттіктер болса, біз әр адамды құлағдар етіп отырамыз дейді.

Людмила Дмитриева- «Турист» туристік фирмасының менеджері.

-Агенттікке келетін барлық тұлғаларға біз қарыздары болса, шетелге кете алмайтындығын ескертеміз. Арнайы хабарландырулар да ілінген. Сондықтан бізде ондай проблемалар туындамайды.

Қазір туристік фирмалар үшін фискалдық орган сайтында да барлық салық төлемейтін тұлғалар жайлы ақпарат көрсетілген.

Айбас Нұртазин- Петропавл қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы.

– Біздің сайтымызда барлық ақпарат көрсетілген. Ол үнемі жаңартылып отырады. Сол жерден кез келген салық төлеуші жайлы ақпаратты көріп-білуге болады. Әдетте адамдар шетелге демалысқа кету үшін бір ай, не бірнеше апта бұрын туристік агенттіктермен келісім жасайды. Сондықтан салық төлемегені анықталса, онда ол сол кезде бірден қарызын өтей алады. Кейін алаңсыз елімізден кетеді.

Айта кету керек, бүгіндері қаладағы 20-дан астам туристік агенттіктердің барлығы бұл ақпараттан құлағдар.

 

Магжан Ахмадина.