Білім

Петропавлдық түлектер мектеп бітірушілердің кешіне қызу дайындалуда

Ұлпан Жүсіпова – Облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік лицейінің түлегі.

– Мен 1-ші сыныптан 5-ке оқыдым. Мұғалімдерім де жақсы болды. Оқу барысында қиындықтар болған жоқ. ҰБТ-ді жақсы тапсырдым. Ешқандай қорқыныш сезімі болмады. Өзіме сенімді болдым. Сыныптастарымызбен жиналып түрлі викториналар ұйымдастырдық. Біз осылайша тестік сұрақтарды тез меңгеріп алдық. Мен үшін тарих пәні қиынға соқты. Жылдар өте көп. Математиканы мен оңайлықпен шығаратынмын. Ал сынақтың нәтижесі шыққанда әрине қобалжу болды. Бірақ үмітім ақталды.

Бірер күннен кейін болатын кешке де Ұлпан дайын. Мектеп бітіруші аруға керектің бәрі бар. Әдемі көйлек, өкшелі туфли, әшекей бұйымдар. Сұлулық салонына да жазылып үлгерген. Оқушылардың ұстаздарымен өтетін кешіне Ұлпанның ата-анасы 150 мыңнан аса қаражат жұмсаған. Ал Әсел Шарапова болса, облысымыз бойынша ҰБТ-ден ең жоғары көрсеткіш көрсетті. Ол сынақты жақсы тапсырып, 123 ұпай жинады. Таңдаған пәні – география. Болашақта қаржыгер болғысы келеді. Мектеп бітіру кешіне Әсел етегі ұзын көйлек кимекші. Бір күндік қызық-думан үшін бұл сұлу 200 мың теңге шығындаған.

Әсел Шарапова – Облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік лицейінің түлегі.

– Маған сынақ тапсыру еш қиындық туғызған жоқ. Барлығы бірқалыпты. Өзімді мектепте емтихан тапсырып отырғандай сезіндім. Қазір мектеп бітіру кешіне қызу дайындық жүруде. Өзіме ұнаған көйлек таңдадым. Тіктіргеннен көрі, дайынын алғанды құп көрдім. Көңіл-күйім тамаша. Енді Астана қаласындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалына түссем деймін.

Облысымызда білімді ұрпақ тәрбиелеуде қазақ-түрік лицейі зор үлесін қосуда. Жыл сайын білім ошағынан 50-ге тарта түлек ұшады. Олардың барлығы да республикалық, халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары, – дейді директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Бақыт Рамазанов.

Бақыт Рамазанов – Облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.

– Биылғы жыл 23 түлегіміз ҰБТ тапсырды. Орташа балымыз 104,5-ты құрап отыр. 7 баламыз алтын белгіге үміткер еді. Соның 5-і алтын белгіні қорғап шықты. Екі оқушыға 2 ұпай жетпей қалды. Және де 4 баламыз үздік аттестатқа ие болып отыр. Былтырғы жылмен салыстырғанда биылғы жетістігіміз жақсы. Орташа балымыз 3 балға көтерілді.

Биыл облысымызда 3711 мектеп бітіруші сынақ тапсырып, болашақтарын айқындады.

 

 

Айгерим Ержанова.