МТРА жаңалықтары

Петропавлда “Үздік жас мемлекеттік қызметші” облыстық байқауының 2-ші кезеңі өтті

Нұрлан Жахин – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаментінің бөлім басшысы.

– Конкурсқа барлық аудандардан мемлекеттік қызметшілер қатысты. Алғашық этапта олар эссе жазды. Енді міне арасынан іріктелгендер ақтық кезеңге жетті.

Ақтық сынға келіп жеткен 14 үміткердің қатарында СҚО бойынша есептік комиссиясының бас маманы Елена Жанахметова да бар. 25 жастағы нәзік жанды аталмыш мекемеде 2013-ші жылдан бастап еңбек етіп келеді. Десе де, бұл сайысқа алғаш рет қатысып отыр.

Елена Жанахметова – СҚО бойынша тексеру комиссиясының бас маманы.

– Алғаш рет қатысып отырғандықтан бойымда қобалжу бар. Бірақ үздік үштікке кіремін деген ойдамын.

Біреуі өз бағын алғаш рет сынап отырса, біреуі екінші жыл қатарынан үздіктер қатарынан көрінуді көздеуде. 26 жастағы Аққу Құсайынова конкурсты егжей-тегжейлі біледі. Өткен жылы Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің СҚО-тық аумақтық инспекциясының бас маманы байқауда 4-ші орынды қанағат тұтыпты. Ал осы жылы көрсеткішімді жақсартамын деген ойда.

Аққу Құсайынова – Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің СҚО аумақтық инспекциясының бас маманы.

-Сайыстар өткен жылғыға қарағанда қиындау. Бірқатар жаңашылдықтар бар. Өз күшіме сенімдімін.

Конкурс қорытындысы бойынша үздік атанғандар 22 маусымда мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты жиында марапатталады.

 

 

Риат Шони.