МТРА жаңалықтары

СҚО Ұлттық спорт түрлері бойынша спартакиада өтті

Жалпы спартакиадаға 4 спорт түрі кіреді. Бәйге, көкпар, теңге алу және аударыспақ. Дәл қазір жарыс алаңында таза қанды ағылшын тұқымды жылқылардың сайысы басталмақ. Ең әуелі ипподромға жиналған жұртшылық ұшқыр бәйгені тамашалады. Мұнда 8 ауданның өкілі алдарына жан салмай, ең бірінші болып 1800 метр қашықтықты бағындырғылары келіп, бір-біріне мықты бәсекелестік танытты. Бірақ Қызылжар ауданының шабандозы Дмиртий Волков пен астындағы серігі Янычардың бағы мен бабы қатар шауып, бәйгенің алдында келді. Келесі болып үлкен жастағы желіс аттарының шабысы ұйымдастырылды. Мұнда сынға түскен үш жануар да топырақты төңкеріп, шабандоздары қамшылаған сайын жаңа демдерін ашуда. Барлығы үздік болғанымен жеңімпаз біреу, ол – Губернатор есімді жылқыны тізгіндеген Абдуәли Нұрметов. Ал спартакиадада ең қызықты болған жарыстың бірі – құнан бәйге. Мұнда жануарлар 5000 метр қашықтықты бағындырулары қажет. Белгі берілісімен тұлпарлар қара жерді қайыстырып алға ұмтылды. Барлығы мәре сызығын алғашқы болып кескілері келіп, алдарына жан салар емес. Бірақ та бәйгенің соңына қарай Есіл ауданының 13 жасар шабандозы Асхат Ілиясовтың қарасы өзгелерден алыстағаны байқалды. Атының жалына жабысқан қаршадай бала, жылқысын қамшылап, мәре сызығын алғашқы болып кесті. Шәкірті үшін бөркін көкке лақтырған бапкері Ғалымжан Тапелов бұл жарыс жануардың алғашқы аяқалысы екенін айтады.

Ғалымжан Тапелов – Есіл ауданы құрамасының бас бапкері

– Атты баптау оңай шаруа емес. Шабандозымыз осындай жарысқа 2-ші рет қатысып отыр. Ал жануар болса алғаш рет.

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом, кубок, медаль және де ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

 

 

Риат Шони.