МТРА жаңалықтары

Петропавлда жарымжан жандарға бизнес тренинг өткізілді

Галина Климова

– Мүгедектерге арналған тренинг жайлы мен газеттен білдім. Қалай, қайда болатынын анықтадым. Өмірден үмітім үзілген болатын. Менің мәселем ешкімді қызықтырмайды деп ойладым. Қателесіппін. Тренингке қатысқаннан кейін өзімді адам ретінде сезіндім. Мен де қоғам мүшелерімен қарым-қатынас жасай аламын, кез келген жұмысты игеру қолымнан келетініне көзім жетті. Қазір ешкімнен де ұялмаймын.

Бұл тренинг – биылғы жылы ұйымдастырылған алғашқы шара. Былтырғымен салыстырғанда қатысушылар саны аздау. 2014 жылы мұндай семинарға 200-ге тарта мүгедек жан қатысыпты. Оның 50-нің өмірге деген көзқарасы өзгеріп, жұмысқа тұрған. Бүгінде олар жүк тиеуші, сауда өкілі, бухгалтер сынды кәсіптердің иесі,-дейді облыстық “Қамқор” мүгедектер қоғамының төрағасы Владислав Демьянов.

Владислав Демьянов – облыстық “Қамқор” мүгедектер қоғамының төрағасы

 

– Осындай іс-шараларды ұйымдастырмас бұрын, біз біраз зерттеулер жүргіздік. Нәтижесінде жарымжандардың психологиялық мативациясының жоқтығы, өмірден қол үзгендері анықталды. Оларға көмек қолын созу мақсатында осындай семинарлар өткізуді ұйғардық. Әзірге бұл жұмыс өз жемісін беруде. Өткен жылы 200 қатысушының 50-і тұрақты жұмысқа орналасты. Олардың көбі қоғам ортасында жүруге ұялатын адамдар болған. Қазір бұл жандар толыққанды өмір сүруде.

“Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры өкілдерінің мүмкіндігі шектеулі жандарға бизнесті жүргізуде берер кеңестері молынан. Әр тренинг 3 күнге созылады. Осылайша кембағал жандар да кәсіпкерлік саласының қыр-сырын үйренбек.

Айгерим Ержанова.