Білім

СҚО түлектері ҰБТ орташа 77,88 ұпай жинады

Татьяна Гапчич – СҚО білім саласындағы бақылау департаментінің бөлім жетекшісі

– Маусымның 2-сі мен 5-і аралығында өткен ҰБТ-ің нәтижесі бойынша облыста орташа ұпай 77,88 балды құрады. Өңір бойынша ең төмен нәтижені Айыртау ауданының түлектері көрсетті. Олар орташа 71 ұпайды жинаған. Сонымен қатар, өткен жылғымен салыстырғанда Аққайың, Жамбыл, М.Жұмабаев, Қызылжар, Мамлют, Тимирязев пен Шал ақын аудандарында ұпай көрсеткіштерінің өсімі байқалады. Ал Айыртау, Ақжар, Есіл, Тайынша, Уәлиханов, Ғ.Мүсірепов аудандары мен Петропавл қаласында керісінше білім көрсеткіші төмендеуде.

Биылғы жылғы сынақта өңір бойынша ең жоғарғы көрсеткішке дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік мектеп лицейінің түлегі Әсел Шарапова қол жеткізіпті. Оқушы маңызды сынақтан 123 ұпай жинаған. Ал облыс мектептері арасында Мамлют ауданының Бостандық орта мектебі 105,75 балмен көш бастады.

Татьяна Гапчич – СҚО білім саласындағы бақылау департаментінің бөлім жетекшісі

– Биыл “Алтын белгіні” түлектердің барлығы ақтай алмады. Үміткер 112 оқушының 37-сі өз білімін тиісті деңгейде көрсетті. 11 түлек үздік аттестаттың иегері атанды. Ал 289 бала 100-ден артық ұпай жинады. Айта кету қажет, осы жылы облыстық бюджеттің қаржысына 34 ұялы байланысты басатын құрылғы сатып алынды. Ол аппараттар арқылы сынақ таза тапсырылды.

Тыйым жасалғанымен, осы жылы да ҰБТ өтетін аудиторияларға заңсыз заттар алып өтпек болғандар анықталыпты. Маңызды сынақ кезінде облыс түлектерінен 56 ұялы телефон, 45 шпаргалка мен 8 калькулятор тәркіленген. Бірақ, ешбір оқушы аудиториядан қуылмапты. Ал аппеляциға өтініш білдірген түлектердің саны 50-ден асып жығылады. Олардың нәтижелері 10 күннің ішінде белгілі болады.

 

Риат Шони.