Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО-на Түмендік кәсіпкерлер келді

Ерік Сұлтанов, СҚО әкімі

– Елімізде кәсіпкерлік нысандарын бей берекетсіз тексере бермейді. Мемлекет қайта кәсіпкерлікті дамыту үшін түрлі ынталандыру тетіктерін қолданып жатыр. Бұл жайлы толығырақ мәліметті “Даму” қорынан біле аласыздар. Мысалы, ауылды жерде бизнесті ашу не дамыту үшін несиені 10 жылға дейін рәсімдеуге болады.
Оның жылдық сыйақы мөлшерлемесі 4 пайыз. Қалған 85 пайыз кепілдікті мемлекет ұсынады.

Осы ретте түмендіктер облыс әкіміне құрылыс, ауыл шаруашылығы, сауда-саттық саласында әріптестік орнатуға ниетті екендіктерін жеткізді. Біреуі металл қаңқаларынан нысан тұрғызса, өзгелері балалар ойыншығын, тұрмыстық заттарды шығарумен айналысады.

Евгений Медведев, жеке кәсіпкер, РФ

– Сіздерде шынымен инвесторларға жақсы жағдай жасалған. Елдеріңізде кәсіпкерлерге мол мүмкіндік қарастырылған. Біз алда сауда нүктелерінде өнімімізді өткізгіміз келеді.

Ерік Сұлтанов, СҚО әкімі

– Бізде кәсіп ашыңыздар, әсіресе ауылшаруашылығына, соның ішінде мал басын көбейтуге басымдық берілуде. Бұл бағытта мемлекет есебінен жеңілдетілген несие беру қарастырылған. Ұсыныстарыңызды жерде қалдырмауға тырысамыз.

Өңірге Түменнен 15 бизнесмен келді. Олар елімізден тұрақты тұтынушыларын тапқысы келеді. Тауарымызды өткіземіз, сізден шикізат сатып аламыз дейді.

Павел Шестаков, “Юбилейный” Агрохолдинг компаниясының бөлім басшысы, РФ

– Біздің кәсіпорын шошқа, мүйізді ірі қара мал етінен түрлі өнім, жартылай фабрикаттар әзірлейді. Тап қазір бізде ірі қараның еті тапшы, сондықтан импортық тауарды аламыз. Еліңізден сенімді серіктес тапсақ, ай сайын 100 тонна таза ет сатып алатын боламыз. Сонымен қатар көтерме, бөлшектеп сату орындарының қожайындарымен кездесіп, оларға өз өнімдерімізді ұсынамыз.

Көршілес елдің бизнес қауымдастық өкілдері 2 күндік жұмыс сапары барысында өңіріміздің бірнеше кәсіпорнын араламақшы.

 

 

Берик Касен.