Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО Айыртау ауданында ашық аспан астында “Ботай” архелогиялық мұражай кешені ашылуы мүмкін

Жоба іске асса Ботай тұрағына көптеп шетелдіктер тартылып, өңіріміздің туристік әлеуеті артуы мүмкін. Оған қоса тұрғындар мен жастар тарихи құндылықтармен жақынырақ танысу мүмкіндігіне ие болмақ. Жоспарлы жоба бойынша Ботай тұрағының жанынан 62 Га жер телімі бөлініп, онда ипподром, манеж, қазақтың ұлттық жәдігерлерін қалыпқа келтіретін шеберхана орналасады. Аталмыш мекеннен табылған 300 мыңнан астам тарихи жәдігерлердің барлығы жабық павильонға жайғастырылады. Кітапханасы мен интерактивті кабинеті тағы бар. “Ботай қонысы” мұражай кешені жыл 12 ай жұмыс істейді. Сәйкесінше, жаңа жұмыс орындары құрылып, өзге аймақтар мен алыс-жақын шет елдерден археологтар, экспедиторлар, медицина саласының мамандары осы өлкеге жиналмақ. Өз ісінің жілік майын шағатындар қойнау жәдігерге толы мекенде өткенімізді жаңғырту қамында түрлі тақырыпта семинар-кеңестер өткізіп жылда бас қосатын болады. Осылайша археологтар қазба жұмыстарын бірлесіп жүргізіп, жиі тәжірибе алмасып тұрады. Вице-Премьер Министр Бердібек Сапарбаев профессор Виктор Зайберттің бұл ойын құптады. Нақты шешім жақын күндері белгілі болады. Елордалық мейман бұл жерді университет студенттеріне ғана емес мектеп оқушыларына да таныстыру керек деді.

Вице-Премьер Министр мен профессордың қысқаша сұхбаты

– Вы говорите, хотите создать здесь музей под открытым небом?

– Да, здесь должен быть павильон на несколько программ. Программа растениеводства, коневодства, духовной жизни, прикладная программа.

Ботай археологиялық ескерткіші 1980 жылы ашылды. Арада 35 жыл өтсе де мамандар Ботайды әлі зерттеумен келеді. Осы мекенге қатысты он шақты мақала жазылып, том-томдап кітаптар басылды. Алайда мүлгіген даланың бүккен сырлары мен жұмбақтар әлі де көп. Солтүстік Қазақстан археологиялық зерттеу экспедициясының жетекшісі Виктор Зайберт жер қойнауында жатқан тарихи жәдігерлердің сырын ашу үшін кемі 250 жыл қажет дейді. Бұл Ботай мәдениетінің толық зерттеліп бітпегендігін аңғартса керек.

Виктор Зайберт, “Ботай қонысы” археологиялық зерттеу экспедициясының жетекшісі

– Ботай қонысы біздің дәуірімізге дейінгі 4-ші, 3-ші мыңжылдықтар аралығында, яғни энеолит дәуірінде пайда болды. Мен әлем ғалымдарымен бірлесіп соңғы 10 жыл көлемінде ботайлықтардың өмір сүру салтын зерттеуге арнап жүрмін. Алдағы жәдігерлерді зерттеу жұмыстарында жоғары технологиялы инновациялық құралдар мен қондырғыларды пайдаланатын боламыз.

Ботай қонысы Еуразия даласында мал шаруашылығының орталығы болған. Әлем ғалымдарын Ботайдан табылған ат сүйектерінің көптігі таң қалдырды. Жұмысқа аңдар сүйегін зерттейтін ғалым-остеологтар шақырылды. Олар ауқымды істер атқарды. 133 мыңдай жылқы сүйектерін зерттеді. Нәтижесінде ғалымдар бірауыздан ботай аттарының қолға үйретілген деген ортақ шешімге келді. Осыдан кейін қоныстың жәдігерлерімен әлемнің барлық тарихшы, зерттеушілері қызыға бастады. 80-ші жылдары Айыртау ауданына Ресей, Англия, АҚШ, Ұлыбритания, Германия барлығы 16 мемелекеттен 120 ғалым келді. Олардың ағыны осы күндері де толастар емес. Тамыз айында осы өлкеге Ұлыбританының мамандары келмекші.

Бауыржан Аленов, Бірлестік орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі, Айыртау ауданы

– Біздің ата-бабаларымыз сол кездері ат әбзелдерін өздері жасаған. Шебер болғандары соншалықты құстың сүйегін кәдеге жаратып, одан ине жасаған. Жылқымен саятшылық құрған. Жылқының қымызын ішіп, сойғанда оның терісін шошаланың (тұрғын-жай) үстіне жауып баспаналарын қызы-жазы жылы ұстаған. Сонымен қатар балық ауламен айналысты. Халықтық медицинаға жақын болды.

Қазіргі күні еліміздің тарихи-мәдени құндылықтарын сақтап, тану үшін Айыртау ауданындағы Ботай мекенінде археологиялық зерттеу жұмыстары жалғасуда. Қазба жұмыстарынан табылған көне жәдігерлермен бірінші болып мектеп оқушылары таныспақ. Олар бүгінде осы жерден мол әсер алғандығын және ескерткіш тарихын аздап білетіндіктерін айтады.

Нұршаш Алпыс, Бірлестік орта мектебінің оқушысы, Айыртау ауданы

– Қазақстан жеріндегі ерекше энеолиттік тұрақ СҚО-дағы Ботай тұрағы болып табылады. Бұл тұрақ біздің заманымыздан бұрынғы 3-2 мыңжылдықтар аралығын қамтиды. Тұрақты қазу барысында 158 тұрғын үй табылған.

Ерболсын Құттыбай, Бірлестік орта мектебінің оқушысы, Айыртау ауданы

– Қазба жұмыстары нәтижесінде көптеген металл, қыш ыдыстар табылды. Сондай-ақ, сабақтың ұштары т,б металл заттар табылды.

Берик Касен.