МТРА жаңалықтары

ҚР Премьер-министрінің орынбасары әлеуметтік сала қызметкерлерімен кездесті

Ермек Әбдірімов – Облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері

– Ауруларды ерте бастан анықтау көрсеткіші артып отыр.

Мұнда ат басын бұрған Вице- Премьер Бердібек Сапарбаев емдеу мекемесінің материалдық- техникалық базасымен танысты. Кабинеттерді аралап, дәрігерлермен тілдесті. Кейін мәжіліс залына өтіп, әлеуметтік сала қызметкерлерімен кездесу өткізді. Бұл жерде денсаулық сақтау саласын жақсарту, ҰБТ-дің өтуі және дуалды оқыту жүйесін енгізу сынды өзекті мәселелер талқыланды. Қазіргі таңда бірінші кезекте барлығын мектеп бітіруші түлектердің сынақтан өту барысы қызықтырады. Биыл ҰБТ тапсыруға 2 мыңнан астам оқушы ниет білдірген. Әзірге облыстық көрсеткіш жаман емес. Былтыр орташа 77,8 болса, биыл 78,3 пайызды көрсетіп отыр. Өңірде балабақша мәселесі өткір тұрғаны белгілі. Бүгіндері Петропавлда мектепке дейінгі біліммен қамтылуы тиіс 4387 балғын өз кезегін күтуде. Ведомствадағылар оны шешу жолдары қарастырылып жатыр дейді.

Шолпан Каринова- СҚО білім басқармасының басшысы

– Республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға 320 орындық балабақша салу көзделуде. 880 орынға шақталған 3 жекеменшік мектепке дейінгі мекеме тұрғызылатын болады.

Өңірде 3 аусымды және апаттық мектептер мәселесі де біртіндеп шешімін табуда. Ағымдағы жылы теріскей оқушыларын оқулықтармен қамтуға 426 млн теңгеден астам қаржы бөлініпті. Бұл ретте ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев мүмкіндігі шектеулі балаларды біліммен қамту мәселесінің қалай шешіліп жатқандығын сұрастырды.

Шолпан Каринова- СҚО білім басқармасының басшысы

– Бізде арнайы мектептер бар, ал мүлдем жүре алмайтындарға ұстаздар өздері барып сабақ береді.

Кейін кезек облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қабдырахман Сақтағановқа берілді. Ол да өз саласындағы бірқатар көрсеткіштердің жақсарғандығын алға тартты. Бірақ әлі күнге дейін аймағымызда дәрігерлер жетіспеушілігі байқалады. Бүгіндері өңірде 103 маман тапшы. Бердібек Сапарбаев бұл мәселенің қалай шешіліп жатқандығын сұрастырды.

Қабдырахман Сақтағанов- СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы

– Бүгіндері негізінен ауылды жерлерге жалпы тәжірбиедегі дәрігерлер мен қалада тар көлемдегі мамандар жетіспейді. Бүгіндері оқу ордаларымен келісімшарттар жасалған. Биыл 40 маман келеді.

Өңірде жұмыспен қамту мәселесі оң жолға қойылыпты. Жұмыссыздық 4,9 пайызға кеміген. Бұл жөнінде ведомства өкілдері баяндады. Кездесу барысында мәдениет саласындағы бірқатар көрсеткіштер де айтылды. Кейін жиында дуалдық оқыту мәселесі сөз болды. Бұл ретте өз оқу ордасындағы тәжірбиесімен қаладағы машина жасау колледжінің директоры Анатолий Фурманюк бөлесті. Олар бірнеше жылдан бері Петропавл ауыр машина жасау зауытымен әріптестік орнатқан. Студенттер 1 курстан бастап теориямен практиканы қатар ұштастырады.

Бердібек Сапарбаев- ҚР Премьер-министрінің орынбасары

– Біз мәдениетті, білімді, дені сау ұрпақ тәрбиелеу кееркпіз. Оның барлығы сздердің жұмыстарыңыздың көрсеткіші болмақ. Жедел жәрдем қызметі, дуалдық оқыту жүйесі, білім беру барлығы қалтқысыз жұмыс жасауы тиіс.

Жиын соңында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев өңірдің даму қарқынына оң бағасын берді.

 

Магжан Ахмадина.