МТРА жаңалықтары

Өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Бәйтерек ауылының тұрғындарымен кездесті

Гүлсім Кәрімова – Қызылжар селолық округының әкімі

– Ауылда 13 кәсіпкер мемелекет қолдауының арқасында өз ісін өрге домалатуда. Елде-мекенде 5 дүкен бар. 1 жеке кәсіпкер монша салды. Қазір ақсақалдардың қолдауымен мешіт бой көтеруде.

Кейін өңірімізге іс-сапармен келген ҚР-ы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевты ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуымен Қызылжар ауданының әкімі Болат Жұмабеков жіті таныстырды.

Болат Жұмабеков – Қызылжар ауданының әкімі

–  Соңғы 3 жылдың ішінде халықтың саны көбейген. Оларды “Жұмыспен қамту – 2020” мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 18 млн. шағын несие берілді. Негізі ауыл тұрғындары аталмыш бағдарламаның барлық бағыттарына қатысқан.

Жалпы ауылда мектеп жасындағы балалардың саны 331. Елді-мекенде білім ошағы болмағандықтан олардың барлығын екі ауысымда 4 автобус жақын маңдағы ауылдарға оқытуға тасымалдайды. Балабақша мәселесі де тұрғындар үшін өзекті болып тұр. Ауылда мектепке дейінгі білім беретін мекеме жоқ. Бұл жоқшылықтың тауқыметін 163 балғын көруде. Алдағы уақытта елді-мекенде мектеп салу жоспарда бар. Негізі қазіргі таңда жаңа білім ошағы құрылысының жобалық сметалық құжаттары әзірленген. 2 қабатты мектеп құны 897,5 млн. теңгені құрамақ. Білім ордасы 300 орынға шақталған. Оның ішінде мектепке дейінгі білім беру жасындағы балалар үшін шағын-орталықта ашылмақ. Айта кету қажет, ауылда екі-ақ медициналық пункт бар. Онда 5 ақ халатты абзал жан қызмет етеді. Әрине бұған 1500-нан астам тұрғын кейістенуде. Елді-мекендегі барлық көкейкесті мәселелермен жіті танысқан ҚР-ы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев ауыл ақсақалдарына бұл сұрақтардың күрмеуі тарқайтынына уәде берді.

Бердібек Сапарбаев – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары

– Ең бірінші 1500-нан астам халқы мен болашағы бар ауыл болғаннан кейін міндетті түрде мектеп болу керек. Биыл білім ошағын салуды облыс өз қаражатынан бастайды, кейін оған республикадан қолдау көрсетіледі. Нысанды келесі оқу жылына дейін тапсыруға тырысамыз. Қазір сіздерде 190-дай бала бар екен. Олар үшін балабақшаны облыс әкімшілігі салады. Ал үшінші мәселе – емхана. Оны мемлекет салу үшінде ауылда кем дегенде 2000 адам тұру қажет. Бірақ алда соған жетесіздер деген ойдамын. Қазір барлық елді-мекендерде емхана болу қажет. Бұл ретте 300-ден астам нысан салынуда. Солардың ішіне сіздерді де енгіземіз.

Сонымен қатар Вице- Премьер елді-мекен тұрғындарын қол қусырып бос отырмай еңбек етуге шақырды.

 

Риат Шони.