МТРА жаңалықтары

Елдігіміздің басты белгілерін құрметтеу – туған жерді, тарихты қастерлеу болып табылады

Әр елдің егемендігін айқындайтын өзіндік мемлекеттік рәміздері бар. 1992 жылдың 4 маусымында алғаш рет тәуелсіз Қазақстанның жаңа Мемлекеттік нышандары бекітілді. Сондықтан, бұл күн ел тарихында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мәңгі сақталады. Осы тұста, мемлекеттік туды, елтаңба мен гимнді құрметтеу – әр азаматтың міндеті деп атап өтті салтанатты жиынды ашқан өңір басшысы.

Ерік Сұлтанов, СҚО әкімі.

-Баршаңызды мемлекетіміз үшін маңызды мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Тәуелсіздігіміздің тұмары, елдігіміздің басты белгілерін құрметтеу-туған жерді, тарихты қастерлеу болып табылады. Сондықтан жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру – біздің міндетіміз.

Кейін еліне қалтықсыз қызмет етіп жүрген азаматтар сахнаға көтеріліп салтанатты түрде өңір жетекшісінің алғыс хаттарымен марапатталды. Дені әскери қызметкерлер. Қошеметке бөленгендердің тізімінде Петропавл қаласы ІІБ ӘПБ учаскелік полиция инспекторы Бейбіт Әлімжанов та бар.

Бейбіт Әлімжанов, Петропавл қалалық ІІБ ӘПБ учаскелік полиция инспекторы.

-Жұмысым оңай деп айта алмаймын. Ауыртпашылықтары бар. ІІО-да 2008 жылдан бері қызмет атқарып келемін. Бүгін облыс әкімінің алғыс хатына ие болғаныма қуаныштымын.

Алтын сәулелі күн орныққан көгілдір түсті Туымыз бен шаңырақ бейнесіндегі Елтаңбамыз осымен 23 жыл бойы бүкіл әлемге Қазақстан Республикасы деп аталатын жаңа Тәуелсіз мемлекеттің бейнесін паш етіп келеді. Сөйтіп түрлі маңызды саяси және спорттық шараларда туымыз желбіреп, елімізді төрт күл дүние тануда. Ал Қазақстанның атын одан әрі асқақтата беру өскелең ұрпақтың міндеті.

Гариф Хамзаев, Петропавл қалалық ІІБ екінші полиция бөлімінің жедел уәкілі.

-Мемлекеттік рәміздер – еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі. Халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құндылықтың белгісі. Рәміздер біздің республикамыздың бет бейнесі.

Ерназар Сапар, оқушы.

– “Қазақ елім жасап, көркейе берсін. Біз осы тәуелсіз Қазақстанның жаңа буынымыз. Сондықтана аға толқынның үмітін ақтап, елімізді мақтан тұтуымыз қажет”.

Ескендір Елеусізов, СҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы.

– “Еліміз әлі жас мемлекет деуге болады. Сондықтан жастарға, кейінгі ұрпаққа, жалпы халыққа айтатыным, осы тәуелсіздігімізді ту етіп ұстап, әр уақытта байрағымыз тек көктен желбіреп, еліміздің іргесі мықты шаңырағы биік болсын. Дамыған 30 елдің санатына қосыламыз деген үмітіміз бар. Сол іске ассын деген тілек бар”.

Қазақ елі 100-ден астам ұлт пен ұлысқа ортақ мекен бола білді. Олардың діні мен ділі, түрі мен тілі бөлек. Алайда, баршасы мемлекеттік әнұран ойнағанда оң қолдарын жүрек тұсына қойып, еліміздің туына бет бұрып, гимнді шырқайды. Салтанатты шара соңында жергілікті көркем өнерпаздар дайындаған концерттік бағдарлама да мемлекеттік рәміздерге деген құрмет пен мемлекетіміздегі ұлттар бірлігін паш етті.

 

 

Берик Касен.