Білім

4 маусымда облыста 1387 түлек ҰБТ тапсырды

Емтихан тапсырушыларды қапырыққа қарамастан, таң атқаннан ата-аналары, дос-жарандары мен бауырлары қобалжумен сыртта күтіп тұр. Далада тыным таппағандардың қатарында Инабат Құсайынова да бар. Бүгін нәзік жандының туған інісі Асхат Ғалиасқаров болашағын айқындайтын сынақты тапсыруда.

Инабат Құсайынова – мектеп бітіруші түлектің әпкесі.

– Қобалжып тұрмыз. Інімнің дайындығы жақсы өткен. Енді уақыт көрсетеді қанша ұпай жинағанын.

3,5 сағат өтіп түлектер ҰБТ тапсырған корпустан абдырап-дабдырап шығуда. Үлкен өмірге аяқ басқан оқушыларды дүйім жұрт қошеметпен қарсы алып жатыр. Біреуі көзіне жас алып, еңсесі түсіп шықса, ал кейбірі сынақтың жеңіл болғанын айтуда.

Санжар Сабыр – Бостандық орта мектебінің түлегі, Мамлют ауданы.

-Таңдаған пәнімнен біраз қиналдым. Мүлдем кезіктірмеген сұрақтар көп болды.

Болат Сагиев – Қайырбек Оразов атындағы Аралағаш орта мектебінің оқушысы, Аққайың ауданы.

 

– Барлығы жеңіл болды. Тек физика пәнінде кей сұрақтар қиындық туғызды.

Жалпы бүгін өңіріміздің 10 ауданындағы түлектер мемлекеттік емтихан тапсырды. Ал 5-ші маусым күні Ғ.Мүсірепов ауданының оқушылары өз білімдерін тексеретін болады.

 

Риат Шони.