Құқық қорғау органдары

Полиция қызметкерлері есепте тұрған балалармен кездесті

Берік Біләлов – СҚО ІІД бастығы.

– Сіз, есепке тұрдым, мұнымен бәрі бітті деп ойламаңыз. Тәртіп сақшыларының назарында болуыңыз – әлеуметтік тұрғыда қылмыскер екендеріңізді білдірмейді. Өйткені әр адамның бойында өзінің және қоғам алдындағы жауапкершілік сезімі, намысы болады. Сондықтан, кез-келген азамат оң жолға түсіп кете алады.

Қазіргі уақытта облыс аумағында құқық қорғау саласы бойынша 159 отряд жасақталған. Олардың қатарында 142 колледж студенттерінен құрылған 5 стуенттік жасақ бар. Орта білім беретін 25 мекемеде жас полицей отрядтары жұмыс істейді. Олар құқық қорғау қызметкерлерімен бірге рейдтерге шығады, сынып сағаттардың, алдын-алу шараларының өткізілуіне көмектеседі. Жиынға арнайы келген “Жасыл Ел” жастар еңбек жасағының басшысы Асқар Баймұқанов, жастараға бос уақытты тиімді өткізу, жазғы демалыста ақша табу амалдарын айтып берді.

Асқар Баймұқанов “Жасыл Ел” жастар еңбек жасағының басшысы.

– Менің мұнда келуімнің мақсаты – жастарға “Жасыл ел” бағдарламасы туралы түсіндіру. Бұл бағдарлама жастарға өздерін тануға, еңбекке араласуға, ақша табуға мүмкіндік береді. Елбасының бастауымен құрылған “Жасыл Ел” бағдарламасы біздің жастарға қажет.

Қуантарлық жағдай, қалалық ІІД есебінде тұрған 11 бала жазғы демалыста жұмыс істейміз деген ниеттерін танытқан. 8 балаға балалар-сауықтыру лагеріне жолдама қарастырылған. Бүгінгі күні Петропавл қалалық ІІД 334 кәмелетке толмаған бала есепке тіркелген. Айта кеткен жөн, биылғы жылы облыс орталығында жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық 45 пайызға төмендепті.