МТРА жаңалықтары

Құрылыс компанияларына талап қатаңдатылады

Ратмир Ахметов, СҚО құрылыс басқармасының басшысы.

-Биыл Петропавлда жалпы аумағы 57 мың шаршы метрді құрайтын 10 көпқабатты үй салынады. Нәтижесінде жыл аяғына дейін тұрғындарға 730 пәтерді қолданысқа бермекшіміз. Сондай-ақ, мейлінше жеке меншік компанияларды тартып, баспана кезегінде тұрған 10 мыңнан астам адамды 2020 жылға қарай толығымен баспанамен қамтуды көздеп отырмыз.

Сондай-ақ, осы жылы “Нұрлы жол” бағдарламасы шеңберінде аудандарда 2 мектеп пен 1 балабақшаның құрылысы басталады. Бүгінде құрылысты жүргізетін мердігер компаниялар анықталды. Басқарма басшысы сендіргендей, алда тұрғызылатын үйлер барлық нормалар мен талаптарға сай болмақ. Жұмыстан шикілік шықса, құзырлы мекемелер жауапқа тартылады. Айта кеткен жөн, бұдан былай құрылысқа жауапты мердігер компаниялар нысанды қолданысқа тапсырған соң үйдің сапасы мен бүтіндігіне 2 жыл көлемінде кепілдік бермек.

Нұрлан Құрманбеков, СҚО Мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының басшысы.

-Біздің басқарма қызметкерлері құрылыс барысын бақылап, нысандарға мониторинг жүргізіп, құрылыс, монтаждау, жобалау жұмыстарына лицензия берумен айналысады. Биыл маусым айының ортасынан бастап біз көрсететін 4 мемлекеттік қызметтің санатына тағы 5-ші қызмет түрі қосылмақшы. Ол бойынша біз инженерлік қызмет көрсететін эксперттерді аттестациядан өткізетін боламыз.

Бұдан соң СҚО сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Валерий Затай журналистердің сұрақтарына жауап берді. 4-ші билік өкілдерін Есіл мейрамханасына қарама-қарсы орналасқан, бүгінде қаңырап иесіз бос тұрған “Достық” мәдени ойын-сауық орталығының болашағы қызықтырды. Құрылысшылар оны “Достық үйіне” айналдырмақшы.

Валерий Затай, СҚО сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы.

-Бүгінде “Достық” үйінің жобасы сәл өзгеріске ұшырады. Ғимаратта архитектуралық жағынан өзінше ерекше үлкен кең зал болады. Этномәдени бірлестіктерге жеке кабинеттер қарастырылған. Сондай-ақ некелесу залы болады. Оған қоса, балалар мен ересектерге қызмет көрсететін ойын-сауық орталығы мен кинотеатр залы орналасады.

Қазір аталған ғимаратқа мемлекеттік сараптама жұмыстары жүргізілуде. Айтуларынша, нысан сапалы тұрғызылған. Сәтін салса, ондағы жұмыстар қырқүйек айынан басталады. Осы жерде журналистер оңтайлы сәтті пайдаланып, тұрғындардың бұйымтайын да жеткізді. Сәулетшілер осы жылы облыс орталығында өзгерістер көп болады дейді

Валерий Затай, СҚО сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы.

-“Қазір “Жеңіс” саябағына келушілерді қатары артты. Соған байланысты ондағы автотұрақтың аумағын кеңейтпекшіміз. “Жас өркен” ауданындағы Жамбыл көшесі адам танымастай кейіпке енеді. Көше бойы абаттандырып, жасыл желектер отырғызылады. Үйлердің қасбеті қалыпқа келтіріледі. Оған қоса Жамбыл көшесінде 3 қатты баспаналар мен теннис орталығын салуды жоспарлаудамыз. Бұл жұмыстардың барлығы 2016 жылға дейін ақяқталуы тиіс. Өйткені, Петропавл қаласы Қазақстан мен Ресей арасындағы 13-ші өңіраралық форумын өткізеді. Оған екі елдің президенті қатысады.

Келесі брифинг маусымның 4-і өтеді. Онда журналистердің сұрақтарына денсаулық сақтау саласының мамандары жауап бермек.

 

Берик Касен.