МТРА жаңалықтары

Өңірлік үйлестіру кеңесінде 15 жоба қаралды

Жер емген диқан 3 жыл бұрын жылдық 12,5 пайыз мөлшерлемесімен 2-ші деңгейлі банктен 400 млн. теңгенің несиесін алып, оған 4 бірлік джондир комбайны мен сонша тұқым егу кешенін сатып алады. Бүгінде қарызының жартысынан құтылған. Енді ол кеңес мүшелерінен “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы шеңберінде техникаға алған несиесінің қалған бөлігін арзандатып беруді сұрай келіпті.

Нұрлан Жүнісов, “НТС-Агро” ЖШС директоры, Жамбыл ауданы.

-Биыл “бизнестің жол картасы 2020” бағдарламасына мамырдың 1-інен өзгеріс енгізілді. Онда егіншілікпен айналысатын агроқұрылымдарға ауылшаруышылығы техникасын сатып алып, қарызды жылдық 2,5 пайызбен өтеу қарастырылған. Ал, қалған несиелік ставканың 10 пайызын мемлекет өтеп береді. Бұл шаруалар үшін үлкен қолдау.

Өңірлік үйлестіру кеңесінде Нұрлан Жүнісовтың өтініші мақұлданды. Енді “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының 1-ші бағыты бойынша ол банк алдындағы қалған 223 млн. теңгені жылдық 2,5 пайыз мөлшерлемесімен қайтаратын болды. Аталған жобадан бөлек кеңесте жиыны 15 кәсіпкердің өтініші қаралды. Облыс әкімінің орынбасары кеңеске ұсынылған жобалардың маңыздылығын атап өтті. Олар жүзеге асырылса, ондаған жұмыс орнын ашуға болады.

 

 

Берик Касен.