МТРА жаңалықтары

Өңірде геологиялық барлау жұмыстары жүруде

Әлия Алагузова – өңіраралық “Севказнедра” департаментінің бөлім басшысы, Көкшетау қаласы.

-Солтүстік өңіріндегі пайдалы қазбалардың орналасу аймағын анықтау бойынша жұмыстар басталып кетті. Бұл істің барлығын республикалық бюджет қаржыландырады. Барлық шаруаға 473 млн. теңге бағытталып отыр.

Зерттеу жұмыстары жүретін алғашқы аумақ – Ақжар ауданының даласы. Қазір бұл жерді қостанайлық мамандар барлауда. Мынау бұрғылауға арналған машина. Жалпы геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге барлығы сақадай сай.

Исмагул Ибраев – “Қостанай іздеу-түсірілім экспедициясы” ЖШС 2 дәрежелі бұрғылау шебері.

-Бұл пайдалы қазбаларды іздеуге арналған ұңғымаларды бұрғылайтын машина. Осы жерде геофизикалық жұмыстар жасалған. Сол себепті де тереңдігі 360 метр болатын ұңғыма жасаудамыз.

Негізі барлау жұмысы оңай емес. Бұрғы снарядтарын бір-біріне жалғап, арнайы тереңдікке дейін ұңғыма жасалады. Кейін таужыныс үлгісі алынып, тазартудан өтеді. Геолог мамандардың айтуынша, СҚО-ың жер қойнауында уран, титан, жұқа алтын және де мұнай мен газ табылуы мүмкін. Егер сәтін салып, аталмыш бағалы жыныстар анықталса, ғалымдар оны бағалауға кіріседі.

Ольга Граф – “Қостанай іздеу-түсірілім экспедициясы” ЖШС бас геологы.

-Біздің мақсатымыз – осы жерде геологиялық бағыттар жасау. Бұл жерде пайдалы қазбалардың орналасу аймағын анықтауға арналған 38, іздеуге бағытталған 8 ұңғыма бұрғыланады. Олардың тереңдігі 200 бен 750 метрге дейін жететін болады.

Қостанайлықтар біздің өңірімізде 3 жыл уақыт көлемінде қазба жұмыстарын жүргізеді. Солтүстіктің сары шұнақ аязы кезінде “Қостанай іздеу-түсірілім экспедициясы” ЖШС-ің мамандары геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуден қорықпайды. Олар Ақжар ауданын бір жыл бойы зерттеп, кейін Уәлиханов пен Тайынша аудандарына беттемек.

Болат Едігенов – “Қостанай іздеу-түсірілім экспедициясы” ЖШС директоры.

-Солтүстікқазақстанда геологиялық барлау жұмыстары сирек жүргізіледі. Бірақ 3 жыл ішінде біз діттегенімізге жетеміз деген ойдамын. Мұнда пайдалы қазбалар көп екеніне сенімдімін.

Зерттеу қорытындысы бойынша жаңа пайдалы қазбалар табылған жерлердің топографиялық картасы құрастырылады. Алдағы уақытта бұл шетелдік инвесторларды тартуға өз септігін тигізбек. Айта кететін жәйт, геологиялық барлау жұмыстары өңірімізде алғаш рет жүргізілуде.

 

 

Риат Шони.