Білім

2 маусым ҰБТ науқаны басталды

Маржангүл Алпысбаева – ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілі.

-Біз Білім және ғылым министрлігінен 13 өкіл тестілеудің заңды түрде өтуін қадағалауға келді. Бүгін оқушылар өз білімдерін тиісті деңгейде дәлелдей алады деген ойдамын.

Кейін университет алдына барлық мектеп бітіруші түлектер мен ата-аналар, және де 11 жыл бойы оқушыларына білім нәрін сусындатқан ұстаздар қауымы сап түзеді. Жиында комиссия өкілдері мен мектеп директорлары өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, түлектерге сынақтан мүдірмей өтулерін тіледі. Баласы атқа мінсе, анасы үйде отырып тақымын қысады демекші маңызды тестті тапсыратын балғындарын қолдауға ата-аналар көптеп жиналды. Олардың қатарында Дәмеш Құдаспаева да бар. Бүгін ақ жаулықты ананың 4-ші немересі Батырхан Құдаспаев болашағын айқындайтын сынақты тапсырмақ.

Дәмеш Құдаспаева – мектеп бітіруші түлектің әжесі.

-Өз немереме ақ жол тілеймін. Тілегені алдынан келсін. ҰБТ-ыны жақсы тапсырсын.

Сағат таңғы сегізден аса түлектер ҰБТ тапсыратын корпусқа кіре бастады. Ұялы телефон мен шпаргалканы өзіңмен бірге алып өту мүмкін емес. Тексеріс мықты. Оқушылар тек өз білімдеріне сенгені абзал.

Шекер Жандосова – СҚО білім басқармасының бас маманы.

-Биылғы жылы өңір бойынша ҰБТ-і тапсыруға 2531 түлек ниет білдірген. Олардың 112 алтын белгіге, 52-сі үздік аттестатқа үміткер.

ҰБТ-ы шарты бойынша түлектер 3,5 сағаттың ішінде 125 сұраққа жауап беріп, оларды арнайы бюллетеньге белгілеулері қажет. Міне, сол тапсырманы орындап шыққан алғашқы оқушының да төбесі көрінуде. Ол қазақ мектеп-гимназиясының түлегі Әлішер Тлегенов. Жас жеткіншекті жұрт қол шапалақтап, қуанышпен қарсы алды. Шынын айту керек, тестілеудегі сұрақтар қиындық туғызды, – дейді мектеп бітіруші.

Әлішер Тлегенов – Қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы.

-Тестілеу қиын болды. Бірақ мен білетін сұрақтар көп кездесті.

Жалпы, бүгін сынақ тапсырғандардың арасында заңбұзушылықтарға жол беріп, аудиториядан қуылғандар болған жоқ дейді комиссия мүшелері. Биыл өңір бойынша ҰБТ-ы тапсыру науқаны маусымның 5-не дейін жалғасады.

 

Риат Шони.