Балалар

Солтүстікқазақстандықтар халықаралық балаларды қорғау күнін бар сән салтанатымен атап өтті

Айым Қоныспай.

-Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты мен жастарға сенемін. Көздерінде от ойнар, сөздерінде жалын бар, жанан қымбат оларға ар мен жастарға сенемін.

Думанға көбі жанұя мүшелерімен келді. Отағасы Азамат Базарбаев “Тәуелсіздік” стеласының маңындағы концертті тамашалатуға ұлы мен қызын ертіп келген.

Азамат Базарбаев, қала тұрғыны.

-Бүгінгі мерекелеру жақсы өтіп жатыр. Бүгін анасы жұмыста болған соң, өзім қыдыртып, көңіл-күйлерін көтеруге тырысып жүрмін.

Толық отбасы, татулық, бейбітшілік. Бұл ұғымдар баланың санасына жастайынан сіңірілуі тиіс. Осы мақсатпен жақын маңда оқушылар мен балғындарға сурет сайысы ұйымдастырылды. Осылайша, олар өз ойы мен әлемге деген көзқарасын түрлі түсті бояуларды қолдана отырып жеткізе алды.

Аңсар Қуанышпай.

– Қазақ елінде әрбір бала толық отбасыда өмір сүруі керек. Олар тату-тәтті, ұйымшылдықта өмір сүрулері керек.

Дарина Шайпина.

– Мен ана, әке және баланың суретін және кемпірқосақты салдым. Соңғысы бірлік пен татулықтың белгісі.

Мәдениет және демалыс саябағында отбасылық сайыстар мен балғындарға флешмоб ұйымдастырылды. Келесі жақта жеткіншектер тоғызқұмалақ, дартстан мүмкіндіктерін сынады. Сондай-ақ сурет өнеріне жақындары боди арт бойынша берілген тапсырмаларды орындады.

Бір сөзбен айтқанда, мұнда әркім өз қалауы бойынша ермегін таба алды. Халықаралық балаларды қорғау күні біраз ата-аналардың жұмыстан қолы босамады. Десе де облыс орталығының бірде-бір кішкентай тұрғыны мерекеден тыс қалмады. Балаларды орталық алаңға тәрбиешілері мен мұғалімдері жетектеп келді.

Қамиша Нұрмұқанова, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің мұғалімі.

-Міне, күнде жарқырап тұр. Балалар жазғы демалысқа шықты. Жақсы көңілді концерттер өткізіліп жатыр. Оқушыларым да өте қуанышты. Жазғы демалыстар жақсы өткізсін. Елімізде болашағымыз – балаларға балабақшалар, заман талабына сай мектептер салынып жатыр. Еліміз жылдан жыл гүлденіп, бала-шағамыз аман жүрсін.

Балалардың шад-шадыман күлкісі мен мейіріміне толы жарқын мерекеде мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер де жұртшылыққа өнерін паш етті. Шаталов ескерткішінің маңында бұл шараны “Улыбка” қайырымдылық қоры мен “Fun kids” балалар клубының жетекшілері ұйымдастырды.

Даун синдромына шалдыққан 23 балғын жұртшылыққа сән үлгісін көрсетті, ән айтты, музыка ырғағымен биледі. Осылайша, өз бойларындағы ұяңдық пен қорқынышты жеңуге тырысты. Әр бала бақытты болуға лайық. Олардың құқығын қорғау әр ересек адамның міндеті.

 

 

Берик Касен.