МТРА жаңалықтары

Төтенше жағдайларды болдырмау және алдын алу жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өтті

Владимир Бубенко – СҚО әкімінің орынбасары.

-Қолға алынған шараларға қарамастан облыстағы 62 үй мен 150 саяжайды су басқан. Ондай жайттар Петропавл қаласы мен Шал ақын, Аққайың, Қызылжар және Тайынша аудандарында кездесті. Тағы өңірдегі 3 мың шақырымнан астам жолды су шайып кетті. 20-дан астам су өткізгіш құрылғы қирады. Су басу қаупі төнген 5 елді мекеннің 300-ге жуық тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілді.

Баяндама аяқталған соң облыс әкімі Ерік Сұлтанов тіршілік көзі қиратқан автомобиль жолдарын қалыпқа келтіру қажет деді. Өңір жетекшісі құтқарушыларға және селекторлық режимде облыстық әкімдікпен байланыс орнатқан аудан әкімдеріне келесі қауырт маусымға дайындықты қазірден бастауды тапсырды.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі.

-Су көп болғанына қарамастан биыл аса көп зардабын тигізе қоймады. Десе де қол қусырып отырмау керек. Апат айтып келмейді. Сондықтан, келесі жылға болжам жасап, алдын алу шараларын күшейту қажет. Барлық қателіктер мен кемшіліктерді ескеріп, ендігі жылға жоспар құрыңыздар.

Кейін жиында жол мәселесі егжей-тегжейлі талқыланды. Бүгінгі күні облыстағы автомобиль жолдарының 49 пайызы сын көтермейді. Оның үстіне көктемгі су тасқыны 31 учаскені шайып кеткен. Осыған жауапты ведомство өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда ол жерлерде қалыпқа келтіру жұмыстары жүргзілуде.

Серік Мұхамедиев – СҚО жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары.

-5 автомобиль жолында шұрық-тесікті жамау жұмыстары жүргізілсе, тағы 8-іне құм төселді. 10 жол учаскесінің жиектемелері тегістелді. Есіл және Айыртау аудандарында істен шыққан су өткізгіш құбырлар жөнделіп, алмастырылып жатыр. Сіздің тапсырмаңыз бойынша Уәлихан ауданындағы Қаратал мен Құлыкөл елді- мекендерін жалғайтын жолды жөндеу үшін қазір жұмыстар басталып кетті.

Бұдан соң кездесуде тілсіз жаудың зардабы туралы сөз қозғалды. Жыл басынан облыста 195 өрт оқиғасы тіркеліпті. Қызыл жалын 6 адамның өмірін жалмап, 27 млн теңгеден астам шығын келтірген. Оттың елді-мекендерде бас көтеруін болдырмас үшін мемлекеттік емес өрт сөндіру қызметтері құрылуда. Қазіргі таңда олардың саны – 56. Бірақ, бұл қызметтердің материалдық-техникалық базасы мардымсыз.

Әсет Исмағұлов – СҚО ТЖД бастығының міндетін атқарушы.

-Жүргізілген тексеріс жұмыстары барысында бірқатар кемшіліктер анықталды. Мұндай қызметтердің өрт сөндіру техникалары, құрал-жабдықтары жеткіліксіз болып шықты. Машина-техника паркі ескірген, жаңартуды талап етеді. Бұл жұмыстардың сапалы орындалуына кедергі келтіруде.

Бүгінде өңірде 575 ерікті өрт сөндіру жасағы бар. Олар да тілсіз жауды ауыздықтауда құтқарушыларға қолғабыс жасауда. Бұл ретте аймақ басшысы Ерік Сұлтанов олардың санын арттыруды жүктеді.

Суға түсу маусымының басталуына да аз уақыт қалды. Сондықтан, жиында осы мәселе де назарсыз қалмады. Тұрғындардың жағажайларда демалуын сапалы ұйымдастырып, судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажет. Жиын соңында облыс әкімі Ерік Сұлтанов барлық қарастырылған мәселелерді қадағалап, бақылауда ұстау керектігін ескертті.

 

 

Магжан Ахмадина.