Білім

Петропавлда 35 жазғы демалыс алаңы өз жұмысын бастады

Айым Шакей осындай демалыс орнына бірінші рет келіп отыр. Мұнда барлығы көңілден шықты дейді.

Айым Шакей.

-Мен жазғы демалысымда лагерьге барып жүрмін. Мұнда біз билейміз, ән айтамыз, суға түсеміз. Суда жүзуге үйретеді. Біз әртүрлі ойындар ойнаймыз. Маған ең қатты ұнайтын жүзу және би. Өйткені, жүзгенде денсаулығың мықты болады. Сонда сен ауырмайсың. Ал би билегенде сенің бұлшық еттерің қимылдайды. Сондықтан да маған осы екеуі ұнайды.

Бұл жерде кішкентай демалушыларға барлық жағдай жасалған. Олар мұнда сабақ оқып, ойын ойнап, түрлі экскурсияларға шығады.

Ольга Донец – Петропавл қаласы жалпы білім беретін №1 лицейінің тәрбие жұмыстарын ұйымдастырушысы.

-Демалушыларымыз уақыттарын жақсы өткізу үшін біз өлкетану мұражайы мен кинотеатрға барамыз. Ата-аналар балаларымызды қайда апарамыз деп бас қатырмайды. Олар бүлдіршіндерін бірден осында әкеледі. Оқушыларға мұнда уақыт өткізген ұнайды. Музыка, би, ойын алаңдары мен спорт зал, ағылшын және қазақ тілі үйірмелері бар. Аптасына үш рет балаларды бассейнге апарамыз.

Ал мына бөлмеде оқушылар ағылшын тілін үйренуде. Сабақ ойын түрінде өтіп жатыр.

Мұнда бір маусымда 100-ге тарта оқушы демалады. Алаңда 8 үйірме жұмыс жасайды.

Елена Коноплева – Петропавл қаласы жалпы білім беретін №1 лицейінің директоры.

-Мұндай демалыс алаңдарын ұйымдастырып жүргенімізге 19 жыл болды. Бүлдіршіндерді таңғы 9-дан қабылдаймыз. Үш рет тамақтандырамыз. Оқушыларымыздың ата-аналары да алаңсыз жұмыс жасайды. Кешкі 18.00. (алтыға) қарай үйлеріне алып кетеді. Ал келесі күні бізге олар тағы да қуана-қуана келеді.

Мамырдың 28-інде ашылған лагерь өз жұмысын маусым айының 24-не дейін жалғастырмақ.

 

Айгерим Ержанова.