Мәдениет

Облыстық қуыршақ театрында “Әли Баба және 40 қарақшы” ертегісі сахналанды

Ертегіні тамашалаған адам – байлыққа тек адалдық пен достықтың арқасында жетуге болатынын түсіне алады. Қойылымның басында Әли Бабаның байлыққа құныққан ағасы ата-аналарынан қалған бар мал мүлікті өзі иемденіп, інісінің еншісіне жалғыз есекті беріп қуып жібереді. Сол кеткеннен дала кезген Әли Бабаның есегіне тіл бітіп, басынан сан қилы оқиғаларды өткереді.

Алексей Васильев, Облыстық қуыршақ театрының әртісі.

-Мен сомдаған кейіпкер – Әли Баба. Әке-шешесінен ерте айырылып, ағасынан қысым көрген жас бала. Қарақшыларға да кезігеді. Мұның бәріне қарамастан ол барлық ауыртпашылықты жеңіп шығады. Кейіпкерім – жалпы ақылды әрі адал жан.

Үңгірдегі сансыз байлыққа жолыққан Әли Бабаның соңына 40 қарақшы түсіп, өміріне қауіп төнеді. Оны естіген аға-жеңгесі інілерін іздеуге кіріседі. Алтын жасырылған үңгірге 40 қарақшы және аға-жеңгесі келгенін көріп Әли Баба тіпті тығырыққа тіреледі. Бірақ, жиналғандардың бәріне жеңгесі сиқырлы су ішкізіп, қарақшылар да, басты кейіпкердің бауыры – Қасым да жақсы жандарға айналады.

Елена Покрас, қоюшы режиссер.

-Бұл қойылымды қою үшін көп жұмыс атқарылды. Қуыршақтарды дайындауға, сахнаны безендіруге кеткен мерзімді қосқанда 6 ай уақыт жұмсадық. Жалпы, бояуы қанық қойылым. Бұл жерде қоюшы суретші Ольга Маноның еңбегі зор.

Қойылым Әли Баба мен Қасымның татуласып, мұраттарына жетуімен аяқталды.

 

 

Акбопе Танирберген.