Аптадағы маңызды жаңалықтар

Коммуналдық баспана кезегі мен жер телімдерін беру мәселесі – бақылауда

Елена Балло – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары.

-Тұрғындар көбіне кезегі өзгеріп кетті деп шағымданады. Бір қарағанда алғашқылардың бірі болып тұрған олар, кейінен өзінің артқа шегерілгенін байқап шағымданады. Бұл құжаттардың дұрыс болмауы мен адамның әлеуметтік жағдайының өзгеруіне байланысты болады. Мысалы, бізге кезекке жалғызбасты ана ретінде тұрған жандар, кейін тұрмысқа шығып жатады. Сол уақытта оның әлеуметтік дәрежесі өзгереді. Тиісінше, кезегі де артқа шегеріледі. Бұл өзге де жағдайлар бойынша қайталанады.

Онымен қоса коммуналдық баспанаға ие боламын дегендер жыл сайын құжаттарын жаңартып отыруы тиіс. Бұл ретте де шығамдар көптеп түседі екен. Сондықтан қоғамдық кеңес мүшелері тұрғын үй комиссиясына “бармақ басты, көз қыстылыққа” жол бермей, істің анық-қанығына жетуді тапсырды. Жиында жер телімін алуға үмітті солтүстікқазақстандықтардың мәселесі де қаралды. Олардан да шағымдар жиі келетін көрінеді. Ведомство басшысы түсініспеушіліктердің барлығы заңнаманың өзгеруіне қатысты болып отыр дейді.

Есенгелді Қарбаев – СҚО жер қатынастары басқармасының басшысы.

-Бұрындары жер алуға үмітті адамның өтінішін аудандық, қалалық, облыстық жер комиссиялары қарастыратын. Оның құрамында тиісті мекеме мамандары мен депутаттар болатын. Жаңа заңда бұл алынып тасталған. Қазір өтініш беруші жер учаскесінің сызбасын жасап, оны сәулет органдарына тапсырады. Кейін олар оны ешбір комиссияның қарауынсыз, жер-құрылыс қызметіне табыстайды.

Жиын соңында қоғамдық кеңес мүшелері барлық қозғалған мәселелерді шешуге қатысты нақты ұсыныстар айтты.

 

 

Магжан Ахмадина.