МТРА жаңалықтары

Электр тарату желілерін жедел жөндеу бригадаларының арасындағы кәсіби жарыс өз мәресіне жетті

Виталий Фесько – «СК РЭК» АҚ бас инженері.

-Бескөл ауылындағы оқу-жаттығу алаңында жедел жөндеу бригадалары қызметкерлерінің кәсіби жарысы өтуде. Бұл шараның мақсаты – монтерлердің шеберлігін арттырып, өзара тәжірибе алмасу. Жарыстың қорытындысы бойынша үздік деген бригада анықталады.

Жалпы жарыс 8 кезеңнен құралған. Дәл қазір М.Жұмабаев аудандық электр жүйелері бригадасы 6-шы кезеңді бағындыруда. Сайыста қойылған негізгі міндет – істен шыққан оқшаулағышты ауыстыру. Жарамсыз болып қалған құрылғыны жөндеу үшін маман темір-бетондық бағанаға мініп, кернеуді төмендетуі тиіс. Тапсырма 35-40 минуттың ішінде орындалуы қажет.

Игорь Савченко – М.Жұмабаев аудандық электр жүйелерінің қызметкері.

-Біздің жұмыста айтарлықтай қиындық жоқ. Тек қауіпсіздік ережелерін сақтаған жөн. Себебі, тоқ көзі қателікті кешірмейді. Тапсырманы сәтті орындадық деген ойдамын.

Ал мынау – жарыстың ең қызықты сәті. Бұл кезеңде тапсырма бойынша 10 мың вольттық кернеуге түскен жанды құтқару қажет. Бірінші кезекте, зардап шеккенді бағанадан түсіріп, оған алғашқы медициналық көмек көрсетіп үлгеру керек. Адамды құтқарып алуға 4 минут уақыт беріледі. Бұл істі Петропавл қаласы электр желілері басқармасының қызметкерлері сәтті орындап шықты.

Амир Какенов – Петропавл қаласы электр желілері басқармасының шебері.

-Бұл жарыстарға біз күнделікті өз жұмыс орнымызда дайындалдық. Ережелерді қайталап, тапсырмалардың ретімен орындалуын қадағаладық. Бүгін финалдық этап болды. Барлығын жақсы орындап шықтық.

Осы қарқында сайыс та өз аяғына жетті. Сонымен, жарыстың қорытындысы бойынша үздік үштікті Мамлют аудандық электр жүйелерінің мамандары тұйықтады. Ал күміс медальға Благовещенское жөндеу-өндірістік базасының бригадасы еншіледі. Ал, сайыстың бас жүлдесін Петропавл қаласы электр желілері басқармасының қызметкерлері қанжығаларына байлады. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом және бағалы сыйлықтар табыс етілді. Енді, жарыста топ жарған команда өңір намысын республикалық додаға қорғамақ.

 

 

 

Риат Шони.