Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірге Омбы облысының іскерлік делегациясы келді

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.

-Қазақстанда біздің инвесторлар үшін жақсы жағдайлар жасалған. Мәселен, құрал-жабдық мен шикізат импорты үшін кедендік баж салығынан, мүлік пен жер салығынан босатылған. Сондай-ақ, оларға заттай гранттар мен шетелдік жұмыс күшін тартуға мүмкіндіктер беріледі. Және инвестициялық салымдардың 30 пайызы өтеледі.

Бүгінде көрші аймақпен ортадағы шекараның ұзындығы 320 шақырымды құрайды екен. Омбы облысының стратегиялық мықты серіктес екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр.

Виктор Назаров – Омбы облысының губернаторы міндетін уақытша атқарушы, РФ.

-Өткен жылы Омбы облысының Қазақстанмен арадағы сыртқы сауда айналымы шамамен 320 млн долларды құрады. Қазақстан және ресейлік қаржының құйылуымен ашылған бірлескен өндіріс орындарының да саны көбейіп жатыр. Биылдың өзінде қазақстандық капиталдың қатыстырылуымен 8 жаңа кәсіпорын құрылды. Ал, барлығының саны 200-ге жетеді.

Бүгінде Омбы облысына қаржы құятын шетелдік инвесторлардың ішінде біздің еліміз 1-ші орында екен. Мәселен, өткен жылы қазақстандық инвестицияның көлемі 100 млн. АҚШ долларынан асып жығылған.

Жиында өңір жетекшісінің орынбасары Ерлан Әукенов пен Омбы облысының Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Вячеслав Синюгин ықпалдастық аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Бір қуантарлық жайт, көрші аймақта қазақ халқының тілі мен мәдениетін оқытуға арналған 6 орталық құру жоспарланып отыр. Соның алғашқысы биыл 1-ші қыркүйекте пайдалануға берілмек. Осы орайда омбылықтар солтүстікқазақстандық әріптестерін орталықтың ашылуына шақырды.
Ақпан айында солтүстікқазақстандық делегация Омбы облысына барған кезде түрлі салаға қатысты мәселелер талқыланып, бірқатар меморандум жасалған болатын. Қазіргі уақытта келісілген шешімдер тиісті деңгейде жүзеге асырылуда.

Бүгін әр түрлі салаға қатысты тағы бірнешеуіне қол қойылды.
Бiлiм саласындағы әдiстемелiк жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының директоры Гүлдерай Қайнетова мен Омбы облысының білімді дамыту институты алдағы уақытта бірлесіп еңбек етуге келісті. Гүлдерай Қайнетова біз олардың педагогикалық-психологиялық теориясын сұрастырсақ, ресейліктерді біздің тәрбие беру әдісіміз қызықтырады дейді. Дегенмен, жұмыс көп, жоспар ауқымды.

Гүлдерай Қайнетова – Бiлiм саласындағы әдiстемелiк жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының директоры.

-Бұл меморандумның аясында біз екі жақтың педагогтары үшін ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізбекшіміз. Сонымен бірге, екі жақтың – Омбы облысының және біздің Солтүстік Қазақстан өңірінің педагогтарының тәжірибелерін жинақтау мақсатында дөңгелек үстелдер өткізбекшіміз. Қазіргі кезде өте көкейкесті болып жатқан – педагогтардың кәсіби қоғамдастықтары бар, олардың барлығы виртуалды түрде жүзеге асатын. Осы екі жақтың кәсіби қоғамдастықтарының, педагогтардың қарым-қатынасын нығайтпақшымыз.

Бұдан кейін журналистерге арналып баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов пен Омбы облысының губернаторы міндетін уақытша атқарушы Виктор Назаровқа тілшілер тарапынан кездесуден қандай нәтиже күтетіндері туралы сұрақ қойылды.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.

-Біз омбылық кәсіпкерлердің біздің өңірде өз кәсіптерін дамытатынына сенеміз. Негізінде, олардың бизнесі облыста сәтті жүруде. Солтүстікқазақстандық іскер азаматтарда көрші аймақта, әсіресе, агроөнеркәсіп кешені саласында айтарлықтай жетістіктерге жетуде. Бүгінде бірнеше бірлескен жобалар қаралуда. Мәселен, омбылық кәсіпкерлер жергілікті іскер азаматтармен бірігіп біздің өңірде керамикалық кірпіш шығаратын зауыт салу жобасын қарастырудамыз.

Виктор Назаров – Омбы облысының губернаторы міндетін уақытша атқарушы, РФ.

-Бизнесті дамыту үшін қазіргі заманда бір орында отырмау керек. Яғни, араласып, әңгімелесіп, тәжірибе алмасып тұру қажет. Жаңалық болса соны жұмысқа енгізген дұрыс. Біздің бүгінгі мақсатымыз – осы.

Журналистер, сондай-ақ, жиында сөз болған мемлекетаралық агроөнеркәсіптік кластерін құру жобасы туралы сұрастырды.

Виктор Назаров – Омбы облысының губернаторы міндетін уақытша атқарушы, РФ.

-Біз бұл идеяны талқылау барысында оны Солтүстік Қазақстан облысына ұсынуды жөн көрдік. Өйткені, біз бұл өңірмен ежелден көршіміз, қарым-қатысамыз да ерекше. Ерік Хамзаұлы бұл идеяны қолдады және оны пысықтау қажеттігін айтты.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.

-Мен бұны қуана қабылдадым. Өйткені, өте маңызды бағыт. Бұл жағынан алғанда Омбы облысында ғылым саласы жақсы дамыған. Біз мықты ауылшаруашылық техникасын құруда жұмыс істеудеміз. Сол себепті, бұның бәрін алға қарай ілгерілете беретін. Еуразиялық Экономикалық одақ туралы келісім шарт аясында біздің заңнамаларымызды жақындастыру үрдісі жүруде. Міне, осы агроөнеркәсіптік кластерінің негізі болмақ.

Кездесуде бүгінгі жиынның маңыздылығы жиі айтылды. Яғни, бұл аймақаралық қатынастың беки түсуіне және дамуына серпін бермек.

 

 

Данаш Хамзина.