МТРА жаңалықтары

Омбы облысынан келген делегация мүшелері облыс орталығындағы мәдени нысан мен бірқатар зауыттарды аралады

Мұражайды аралаған делегация мүшелері таңданыстарын жасырмады. Соңында Омбы облысы губернаторының уақытша міндетін атқарушы Виктор Назаров, мұражай-кешендегі құрметті меймандарға арналған кітапқа өзінің тілегін жазып қалдырды. Бұдан кейін, делегация өкілдері Жеңіс саябағына аялдады. Жеңістің 70 жылдығына орай қаланған даңқ аллеясында солтүстікқазақстандық Кеңес Одағының Батырлары мен Даңқ ордені иегерлерінің есімідері жазылған. Сонымен бірге, құрметті меймандарға саябақтың ортасында орнатылған “жауынгер-құтқарушы” ескерткішінің тарихы да таныстырылды.

Лариса Лужкова – Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының экскурсия жетекшісі.

-“Жауынгер-құтқарушының” ескерткіші қазірде Германияның Берлин қаласындағы саябақта орнатылған. Берлин операциясы кезінде 22 мыңнан астам Кеңес жауынгері опат болды. Соның 7 мыңы Германиядағы саябақта жерленген. Сол себептен осы жерге жауынгер-құтқарушының мүсіні бейнеленген ескерткіш орнатылды.

Жаңғыртудан өткен Жеңіс саябағын аралап шыққан Омбы облысының делегаттары – ұрыс даласында қаза болған жауынгерлердің құрметіне Жеңіс стеласына гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды.

Кейін, обыс әкімі Ерік Сұлтанов пен Омбы облысы губернаторының уақытша міндетін атқарушы Виктор Назаров, саябақ ішінде жас көшет отырғызды. Шекаралас аймақ делегаттарының келесі аялдаған нысаны – Петропавл ауыр машина жасау зауыты. Бұл жерде меймандарды теріскейлік зауыт жетекшілері мен кәсіпорын басшылары облысымызда шығарыталын, әрі шетелдіктерге жақсы таныс өнім түрлерімен таныстырды. Мәселен, Петропавл құрылыс материалдар зауыты омбылықтарға ыстық пен суыққа шыдас беретін құбырды көрсетті. Аталмыш өнімді зауыт 2007 жылдан бері жасап келеді.

Андрей Титов – “Петропавл құрылыс материалдары зауыты” ЖШС директорының орынбасары.

-2013 жылдан бастап біздің кәсіпорын “Единство” ЖШС қайта жаңғыртудан өткізуге қомақты қаржы құйды. Қазірде аталған зауыт темір-бетон, құбыр шығаратын бірегей мекемелердің санатында.

Бұдан соң, “ПАМЖЗ” АҚ бас директоры Қуаныш Бишімов, кәсіпорнның механикаландырылған, мұнайхимия қондырғысын шығаратын учаскелерімен таныстырып, өндіріс көлемі жайында баяндап берді. Сондай-ақ, өңірдің индустриалық-инновациялық даму басқармасының басшысы Марат Ысқақов, көп ұзамай “Казтехмаш” машина жасау зауытында шығарылатын ауыл шаруашылығына қажетті техникалармен таныстырды. Бұйыртса, шетелдік компаниялармен бірлесіп жүзеге асырылғалы отырған жобаның арқасында осы жылы 50 дана комбайн құрастырылмақшы.

Марат Ысқақов – СҚО индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы.

-Астық жинауға арналған бұл комбайндар – сапасы жағынан шетелдіктерден еш кем түспейді. Оған қоса отандық техниканың құны шет мемлекетте шығарылатын комбайннан әлдеқайда төмен. Сонымен бірге, зауыт тракторға қажетті тіркемелер құрастырылады.

Осы күні омбылық іскерлік топ өкілдері елімізде теңдесі жоқ, “Астық Қабылдау Кәсіпорны “ТНС Экспорт” элеваторында болды. Кәсіпорын бүгінде астық қабылдау, кептіру, сақтау, дәнді және майлы дақылдарды жөнелтумен айналысады. Облыстағы ірі астық қабылдау кешенінің директоры Дәурен Сепбосынов, меймандарға үстіміздегі жылы майлы тұқымдастарды терең өңдейтін зауыттың құрылысымен таныстырды.

Дәурен Сепбосынов – “Астық Қабылдау Кәсіпорны ТНС Экспорт” ЖШС жетекшісі.

-Жаңа жоба іске қосылса, жылына 500 мың тонна майлы тұқымдастарды өндіретін боламыз. Сайып келгенде, мекеме – 200 мың тонна рафинадтталған май шығарады. Жобаның жалпы құны 29 млрд. теңгені құрайды.

Омбы облысы губернаторының уақытша міндетін атқарушы Виктор Назаров жұмыс сапарының соңында “Зенченко и К” КС сүт зауытына соқты. Еліміздегі бірегей кәсіпорынның – күніне 70 тонна сүт өндіруге мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда сүт зауытының өнім түрлері Қазақстанның өзге аймақтарында жоғары сұранысқа ие. Зауыт басшылары қонақтарға мекеменің өндіріс барысын баяндап, жұмысшыларға жасалған жағдайдан құлағдар етті.

 

 

 

Бакыт Садуакасов.