МТРА жаңалықтары

Дарья Стригнер “Шаштараз-стилист” кәсібінің үздігі атты республикалық кәсіби шеберлік конкурсының жүлдегері

Дарья Стригнер – Петропавл қаласының қызмет көрсету саласы колледжінің студенті.

-Мен облыстық кезеңде жеңіске жетіп, республикада өңір намысын қорғайтынымды білгенде бойымда қобалжу болды. Ондай байқауға алғаш рет қатысып отырмын ғой. Жалпы сайыс 4 кезеңнен тұрды. Өз-өзіңді таныстыру, шығармашылықпен әуестену, тестілеу және шаштың ойдан ойлап тапқан сәндік үлгісін жасау керек болды.

Жалпы республикалық сайысқа еліміздің 13 облысының өкілдері қатысқан болатын. Онда тек шаштараз мамандығы бойынша тәлім алып жатқан студенттер бақ сынасқан. Ел көлемінде ұйымдастырылған конкурсқа алғаш рет қатысып, жүлделі орын иемденген шәкірттің ұстазы – Надежда Яблонских.

Надежда Яблонских – Петропавл қаласының қызмет көрсету саласы колледжінің шебері.

-Дарья менің тобымның көшбасшысы. Ұқыпты әрі жауапты қыз. Шаштараз мамандығын жақсы меңгеруде. Сол себепті конкурсқа қатысатын студент ретінде таңдап алдым. Әрине мен оның жетістігіне қуаныштымын.

Бүгінде Петропавл қаласының қызмет көрсету саласы колледжінде 400-ге жуық студент тәлім алады. Оның 70-і шаштараз өнері және сәндік косметика мамандығын меңгеруде.

 

 

Риат Шони.