МТРА жаңалықтары

Ірі көлемді және ауыр салмақты автокөлік құралдарының жүріп-тұруын бақылау

Андрей Марков – СҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясы автомобиль көлігіндегі бақылау бөлімінің басшысы.

-Көліктердің салмағын анықтауда қажетті техникалық құралдармен жабдықталған, соның ішінде қысқа уақыттың ішінде нәтижені дәл көрсететін таразысы бар екі жылжымалы бекет пайдаланылады. Көрсеткіштері белгілі бір параметрден асатын автокөлік құралдары арнайы рұқсат қағазымен жүрулері керек.

Ал, рұқсат құжатын аларда тұлғалар мемлекетке алым төлейді. Мәселен, биыл өңірде ірі көлемді және ауыр салмақты автокөлік құралдарына жалпы сомасы 27,5 млн теңгені құрайтын 388 рұқсат қағазы беріліп, 440 мың теңге алым өндіріліп алынған. Ал, былтыр 1 500-ге рұқсат құжаты рәсімделген. Ақшалай есептегенде бұл – 114,6 млн теңге.

Данаш Хамзина – тілші.

-Өткен жылы өңірде ірі көлемдегі және ауыр жүктерді тасымалдау ережелерінің бұзылуы бойынша 56 әкімшілік іс қозғалған екен. Ал, биыл – жыл басынан бері 38 әкімшілік іс қозғалып, барлығы 4 млн 200 мың теңге айыппұл салынған. Бүгіндері бұл соманың 80 пайызы өндіріліп алыныпты.

Отандық жүк тасымалдаушылар айыппұлды 30 күннің ішінде төлеуі тиісті. Өйтпеген жағдайда, өндіріп алу жұмыстарына сот орындаушылары кірістіріледі.

Андрей Марков – СҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясы автомобиль көлігіндегі бақылау бөлімінің басшысы.

-ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексіне сәйкес ірі көлемді және ауыр салмақты жүктерді тасымалдау тәртібін бұзған жеке тұлғалар мен кәсіпкерлік субъектілеріне 30-дан 1 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады.

Олқылық орын алса, айыппұлды жүкті жөнелткен тарап та төлейді. Оларға 100 АЕК-ке дейін көлемдегі әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Ағымдағы жылы салмағы талапқа сай келмейтін көлікті жіберген екі тұлғаға 300 мың теңгеге жақын айыппұл салыныпты.

 

 

Данаш Хамзина.