Аптадағы маңызды жаңалықтар

Аймақ басшысы Ерік Сұлтанов жұмыс сапарымен Мамлют ауданында болды

Ерік Сұлтанов – Солтүстік қазақстан облысының әкімі.

-Мен қазір барлық аудандарды аралап жатырмын. Көктемгі дала жұмыстарын жеделдетіңіздер, әр күнді мейлінше тиімді пайдаланып, бидай сіңіруді уақытында аяқтаңыздар. Облыста тұқым қоры жеткілікті, барлық шаруашалықтар арзандатылған жанар-жағармаймен толықтай қамтылған.

Кездесу барысында агроқұрылым иелері облыс әкіміне теріскейде күзде жиналған астықты тиімді бағамен өткізіп, жылда қанша бидай себу керектігін жоспарлайтын арнайы органның қажеттігін айтты. Ерік Сұлтанов идеяны қолдап, болашақта оның шешімін табатындығын жеткізді. Бұдан соң, аймақ басшысы аталған аудандағы “Белое-Агро” және “Кулик” ЖШС-нің егістік алқаптарына аялдады. Соңғысында бүгінге дейін 8424 га алқаптың 25 пайызына дерлік дән сеуіп үлгерген.

Николай Кулик – “Кулик” ЖШС директоры, Мамлют ауданы.

-Қазір көктемгі дала жұмыстарын ойдағыдай орындап келеміз. Жалпы алқаптың 25 пайызына ырыс дәнін сіңірдік. Ауа-райы қолбайлау болмаса, маусымның 10-на дейін егіс жұмыстарын толықтай бітіруді көздеп отырмыз.

Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуде – “Белое-Агро” ЖШС-інің ұжымы да барын салуда. Жиында өңір басшысы агроқұрылым жетекшілеріне егін егумен қатар мал шаруашылығын қатар алып жүруді тапсырды. Бұл жағынан қос қожалық басшылары өзгелерге үлгі боларлықтай. Бүгінде Мамлют ауданы бойынша 54 серіктестік пен 184 ірілі-ұсақты шаруашылық бар.

Биылғы көктемгі дала жұмыстарына 24 себу кешені мен 900 трактор және 771 шақты себу қондырғылары жұмылдырылған. Барлық шаруашылықтар тұқым қоры және дизел отынмен қамтылыпты. Аграрийлер күніне шамамен 11-12 мың гектарға тұқым себуде. Осылайша, бұл қарқынмен мамлюттік диқандар қауымы егіс жұмыстарын 13 күн ішінде аяқтауды жоспарлап отыр.

Искак Насыров – Мамлют ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі.

-Биыл Мамлют ауданының диқандар қауымы 164 мың 200 гектар аумаққа тұқым себетін болады. Соның 131 мың 300 гектарын дәнді-дақылдар құраса, ал 26 мың 200 гектарына майлы тұқымдастар егілетін болады. Осы жылы ауданда майлы дақылдастарға қарасты алқапты 2000 мың гектарға ұлғайттық. Аймақта мал өсіретін қожалықтар саны жыл санап артып келе жатқандықтан, осы жылы 1700 гектарға мал азығын отырғыздық. Жанар-жағармай қоры да жеткілікті. Ауданға осы жылы 98 пайыз жанармай бөлінді.

Аймақ жетекшісінің соңғы аялдаған нысаны – 150 орынға шақталған “Искра” сауықтыру лагері. Іргесі 1975 жылы қаланған мекеме – 7 жатын бөлме, клуб, асхана және дәрігерлік бекеттен тұрады. Облыс әкімі әр бөлмені жіті аралап, балалардың бос уақыттарын тиімді өткізулеріне жасалған жағдаймен танысты. Үстіміздегі жылы жазғы лагерьде ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізіліпті.

Андрей Токарев – “Искра” сауықтыру лагерінің директоры, Мамлют ауданы.

-Мектеп оқушылары лагерде 6 маусым бойы тынығып, демалатын болады. Нәтижесінде бұл жерде 900 бала сауығады деп күтілуде. Осы жылы бізге лагерь маңын абаттандыруға аудандағы мектептер жақсы қолдау көрсетті.

Айта кету қажет, сауықтыру орталығы маусымның 8-нен бастап балаларды қабылдай бастайды.

 

 

Бакыт Садуакасов.