Спорт

23-мамыр Олимпиада күні

Валерий Евдокименко, Петропавл қаласы дене шынықтыру және спорт бөлімінің жетекшісі.

-Бүгін Республика бойынша “Олимпиада” күнімен орайластырылған денсаулық шарасы өтуде. Мұнда – мемлекеттік қызметшілер, спорт ардагерлері мен мүгедектер бір сөзбен айтқанда барлық облыс орталығының тұрғындары қатысып отыр. Жастарына ешқандай шектеу жоқ.

Жүгірушілерге Қарасай мен Ағынтай батырлардың ескерткішінің алдынан сөре белгісі берілмек. Межелі жер – Тәуелсіздік стеласы. Спорттық шараның қатысушыларын облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова айтулы мерекемен құттықтады. Құттықтап қана қоймай, Қазақстан Конституциясы көшесінің бойымен көппен бірге жүгірмек ниетте.

Анарахан Дүйсенова, СҚО әкімінің орынбасары.

-Дені сау ұлттың ғана бәсекеге қабілетті екені баршамызға аян. СҚО әкімі Сұлтанов Ерік Хамзаұлының атынан сіздерді бүгінгі спорттық мерекемен шын жүректен құттауға рұқсат етіңіздер.

Қатысушылардың арасынан желаяқты анықтау міндет емес. Бастысы денсаулық кепілі саналатын спортты дәріптеп, белгіленген межелі жерге бірлесіп жүгіріп жету.

Гульсум Зейнолла, Дарынды балаларға мамандандырылған спорт интернатының тәрбиеленушісі.

-Мерекелік шараға СҚО мамандандырылған спорт интернатынан 20-ға жуық спортшы келдік. Денсаулық күнінде мәреге бірінші болып жеткім келеді.

Әне-міне дегенше белгі беріліп, жиылған жұрт жүгіруді бастап та кетті. Бақталастық жоқ, әркім өз шама-шарқынша жүгіруде. 1000-нан астам Петропавлдықтар жұмылған жұдырықтай бірлесе қозғалуда. Ендігі – мәреге де жақындады.

Жанбай Қадыров, СҚМУ қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі.

-Күннің көзі шығып сондай жақсы бір әдемі күнмен – денсаулық күні тұспа-тұс келіп отыр. Отбасы болып, кафедрамыз ұжым болып жылда қатысып, белсенділік танытып отырамыз.

Қала деңгейінде аталып өтілген Республикалық шарада белсенділік танытқаны үшін де әр қатысушыны арнайы сертификаттармен марапатталды. Бұл жерде салуатты өмір салтын ұстанған бұқараға кішігірім концерт ұйымдастырылыпты.

 

 

Акбопе Танирберген.