МТРА жаңалықтары

Жерлесіміз Ақжан Кәрім ҚР-ның тұңғыш президенті – Елбасы қорының грантына ие болды

Ақжан Кәрім, “АРДОС-Жүрек” мүгедектердің бірлестігі” ЗТБ директоры

– Мен жобаны нақты іс-жүзінде жүзеге асырғанда ғана жеңіске жетемін. Біз еңбекті жазар алдында мүгедектер арасында сауалнама жүргіздік. Белгілі болғандай респонденттердің 73 пайызы театр, мұражай, кинотеатр сынды мәдениет ошақтарын аралауға құлықты екен. Жоба аясында біздің ұйым 200 адамға әлеуметтік-мәдени іс-шаралар ұйымдастырады. Онда қалаға жақын орналасқан 4 ауданды қамтимыз. Табиғат аясына демалуға шығамыз. Жастарға мүгедектермен дұрыс сөйлесу әдебін үйретеміз. Жарымжандардың ата-аналарына психологиялық тренингтер ұйымдастырамыз.

Ақжанның жобасына брифингке спикер болған ҚР Мәжіліс депуттаттары, меценаттар мен елге белгілі саясаткерлер мен ЖОО-ны профессорларының зор қолдауына ие болып, оған 1 млн. 200 мың теңгенің гранты табысталды.

Ақжан Кәрім, “АРДОС-Жүрек” мүгедектердің бірлестігі” ЗТБ директоры

– Бұл біздің еңбегіміздің нәтижесі деп білемін. Мен жол шығынын көтеруге көмектескен жандарға алғысымды жеткіземін. Жобалар жәрмеңкесіне 203 ұйым жұмысын ұсынды. Комиссия оның 23-ін ақтық сынға өткізді. Бәсеке мықты болды. Өз жобасын қоғағандардың қатарында тәжірибесі мол үміткерлер болды. Қуанышыма орай, мен жобамды дәл туған күнімде қорғадым. Байқаудан мол әсер алдым. Тәжірибесі көп ұйым өкілдерімен таныстым. Олардың аймақтарда мүгедектермен қалай жұмыс істеп жатқандығын білдім.

Бүгінде Ақжан Кәрім жетекшілік ететтін “АРДОС-Жүрек” мүгедектердің бірлестігіне 8 адам мүшелік етеді.

Сәлімхан Сәбитов, “АРДОС-Жүрек” мүгедектердің бірлестігі” ЗТБ директорының орынбасары

– Үш ай дайындалып, еңбегі тиісті бағаланды. Ақжан қойған мақсатына жетпей қоймайды. Әрқашанда адамдардың өмірін жақсарту қамында жаңа жолдар мен идеялар іздейді. Өзі әрдайым күлімсіреп, адамның жаманын жасырып, жақсысын асыратын әдеті бар. Қасындағы достарын өзі көтеріп, артынан тартып жүр. Бірлестігіміздің жұмыс атқарып жатқанына 2 жыл болды. Осы уақыт аралығында біз өткізген жобалардың ішінде бұл ірі жобамыз деп санаймын. Осы жобаны әзірлеуде 3 айымызды сарп еттік.

“АРДОС-Жүрек” мүгедектердің бірлестігі әлеуметті-мәдени шараларды мамыр мен тамыз айы аралығында өткізбекші. Оны ұйымдастыру үшін бүгінде еріктілер қажет.

 

Берик Касен.